Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Елімізде жол саласына қажетті мамандар жетіспей жатыр

"Қазір ауылда жұмыс жоқ, жұмыс болмаған соң жолға жұмысшы болып кіреді. Жолды қалай болса солай салады. Сондықтан білікті маман қажет бізге", - дейді Ұлттық сапа орталығының құрылыс инженері.

Елімізде жол саласына қажетті мамандар жетіспей жатыр
фото: ашық дереккөз

Елімізде жол саласына қажетті маман тапшы. Ұлттық сапа орталығының мамандары осылай деп отыр. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, әсіресе, Түркістан облысында құрылыс инженерлері, геодезия, картограф, механик, дизайнер, метеоролог, сметашы және зертханашылар жетіспейді, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Сондықтан мамандар осы мәселені шешу үшін "1000 мектеп" жобасын қолға алып, мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беруді бастаған.

Бибіш Айтбекова – 11 сынып оқушысы. Биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам баспақ. Алайда мамандық таңдауда әлі бір байламға келе алмаған. Мың толғанып, қандай мамандықты таңдарын білмей жүргенде, Ұлттық сапа орталығының мамандары ой салыпты. Бүгін бір шешімге келген бойжеткен болашағын жол саласымен байланыстыратынын айтады. Себебі бұған дейін ол жол құрылысы тек ер азаматтарға ғана тән жұмыс деп келген.

"Көшеден көреміз, ер адамдар ғана жұмыс істейді деп ойласақ, әйел адамдардың да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар екен. Жұмыс түрлі сатыға бөлінеді екен. Зертханалар бар екен. Мен де осы мамандықты таңдаймын деп шештім", - дейді А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы.

Ұлттық сапа орталығының мамандары «қажетті кадрларды бүгіннен бастап дайындамасақ, ертең маман таппай қаламыз» дейді. Сондықтан олар осы мәселені шешу үшін "1000 мектеп" жобасын қолға алған. Орталық қызметкерлері мектептерді аралап, оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беруді бастапты. Мектеп бітіруші түлектерге мамандықтың маңыздылығын мен қоғамдағы қызметін түсіндіруде.

"Айтамыз ғой, "қазіргі салынып жатқан жолдың бәрі нашар" деп. Ол тек материалға байланысты емес, салып жатқан маманның біліктігіне де байланысты. Қазір ауылда жұмыс жоқ, жұмыс болмаған соң жолға жұмысшы болып кіреді. Жолды қалай болса солай салады. Сондықтан білікті маман қажет бізге", - дейді Ұлттық сапа орталығының құрылыс инженері Зайра Шаймұратқызы.

Өңірде жол құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. Білікті мамандардың да жалақысы көтерілуде. Ең төменгі санаттағы зертханашылардың өзі айына 200 мың теңге табыс табады. Бірақ жоғары жалақыға қарамастан, жол құрылысына қажетті мамандар әлі жетіспей жатыр. Сарапшылар инновациялық технологияларды қолдана алатын жас мамандарды тарту арқылы жағдайды өзгертуге болатынына сенімді.