Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Теңгенің құлдырауы: Алаңдауға себеп бар ма?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамының «Ұлттық қор — балаларға» жобасына әсері қандай екенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz, Kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Теңгенің құлдырауы: Алаңдауға себеп бар ма?
Фото: exk.kz

«Қазір доллардың теңгеге қатысты бағамы құбылып тұр. Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігі де өзгеретін шығар. Осыған байланысты балалардың шотына жыл қорытындысы бойынша түсетін ақшаның көлемі өзгере ме?» — деп сұрады журналист кезекті баспасөз мәслихатында.

Ұлттық банк басшысы «Ұлттық қор — балаларға» жобасының жинақтары доллармен сақталатындықтан валюта бағамының бағдарламаға әсері болмайтынын айтты.

«Біріншіден, Ұлттық қордың кірістілігі қазір өте жақсы. Жарты жылдың ішінде 2,3 млрд доллар тапты. Дәл қазір 4,5 пайыз кірістілікпен 3 млрд долларға жуық табыс тауып отырмыз. Жалпы Ұлттық қордың бүкіл тарихын алып қарасақ, орташа табыстылығы 3 пайыздан сәл артық. Ал биылғы жарты жылда кірістілік 4,5 пайыз шамасында болып тұр. Екіншіден, „Ұлттық қор — балаларға“ жобасының қаражаты доллармен сақталып, доллармен инвестицияланады. Сондықтан әзірге бізге валюта бағамының қандай болатынында айырмашылық жоқ. Келер жылдың басында бағам қандай болатынын қарау керек. Өйткені биылғы инвестициялық кірістің тең жартысы бала шоттарына сол кездегі теңге бағамы бойынша таратылады. Бұл номиналды аударым екенін түсіну керек. Өйткені 18-ге толмаған балалардың шотындағы ақшаны көбейте түсу үшін басқара береміз. Дәл қазір бағамның құбылуына мән бермеген болар едім. Үкімет бюджетке доллар бағамын 460 теңге деп салды. Ал ол нақты нарықта 440 теңгеге дейін түсіп, кейін 480 теңгеге дейін көтерілді. Яғни, әуелі 4 пайыз төмен кетіп, кейін 4 пайыз көтерілді. Қазір 460-470 теңгенің дәлізіне біртіндеп келе жатырмыз. Мұндай құбылуға мен мән бермес едім», — деді ол.

Ұлттық банк төрағасының пайымынша, бұл мәселеде ұзақ мерзімдегі кірістілікке қараған дұрыс. 

«Мысалы, өз басыма ата-ана ретінде Ұлттық қордың ұзақ мерзімде дұрыс басқарылғаны, ұзақ мерзімдегі кірістілігі маңызды. Ал валюта бағамының бір айдың ішінде ары-бері құбылуы — нарықтың заңдылығы. Бұған бой үйрету керек. Өйткені төменге қарау құбылу болмаса, жоғары қарай құбылу да болмайды. Бәріміз баламыз 18-ге толғанда жақсы ақша алу үшін кірістілік жоғары болғанын қалаймыз. Сондықтан валюта бағамына қатты мән бермеңіздер. Қалай болғанда да біз Ұлттық қорды доллармен сақтап басқарып отырмыз. Ең бастысы, төлем жасалған кезде бағам қандай болғанын қарау керек», — деді Тимур Сүлейменов.