Unit Telecom 2014 жылдың тамызында тіркелгенімен, содан бері тек 2020 жылы 9090 теңге салық төлеген...
"Транстелеком" АҚ акцияларының 75%-ы Unit Telecom ЖШС-нің пайдасына иеліктен шығарылуда, деп хабарлады ҚазТАГ.
"1. Мұханов Марлен Савитовичке «Транстелеком» акционерлік қоғамының 1 акциясын шегеріп, 75% акциялар пакетін иеліктен шығару туралы мәмілені Unit Telecom жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына жасасуға рұқсат етіңіз. 2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді", - делінген Үкіметтің қаулысында.
Қазақстандағы компаниялардың сенімділігін тексеру қызметі - Kompra-ның 2021 жылғы 9 ақпандағы мәліметіне сәйкес Unit Telecom құрылтайшылары Дмитрий Александрович Пупателев және Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәли Рахатұлы Әлиев болып табылады. Сонымен қатар Әлиев - "Транстелеком" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Ол бұл қызметті 2016 жылдың тамыз айынан бері атқарып келеді. Unit Telecom құрылтайшыларының тізіміне енген Пупателев те осы "Транстелеком" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі.
2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Мұханов "Транстелеком" АҚ акцияларының 74,99%-дан сәл астамына иелік етті, ал қалған 25%-ы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ-на (ҚТЖ) тиесілі болды. Кәсіпкер 2016 жылы Транстелекомның 49% акцияларына иелік ете бастады, ал 2018 жылдың мамырынан бастап Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойылғаннан кейін шамамен 75% акцияға ие болды. Сонымен бірге, Мұханов бұған дейін "Нұрбанк" АҚ еншілес компаниясы" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі және осы қаржы институты акцияларының бір бөлігіне иелік еткен Әлиевтің сенімді өкілі ретінде тіркелген.
2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Транстелекомның жарғылық капиталы 12 миллиардтан, жалпы табыс 13 миллиардтан асып кетті. Ал Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтері бойынша, Unit Telecom 2014 жылдың тамызында тіркелгенімен, содан бері тек 2020 жылы 9090 теңге салық төлеген.