Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

"Зейнетке шығу жасы төмендей ме?" - министрлік жауап берді

Азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақысының мөлшері соғұрлым жоғары болады...

"Зейнетке шығу жасы төмендей ме?" - министрлік жауап берді
фото: ашық дереккөз

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таралып жатқан зейнеткерлік жасты төмендету туралы ақпарат жалған болып шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады, деп хабарлады  paryz.kz, "Адырна" порталына сілтеме жасап. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ерлер үшін зейнеткерлік жас – 63 жас, әйелдер үшін – 60 жас және одан әрі 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін біртіндеп артады.

Бүгінгі күні республикада ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы төлемдерін (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан – бұдан әрі БЖЗҚ) қамтитын үш деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Зейнетақының жиынтық мөлшері еңбек өтіліне байланысты.

Ынтымақты зейнетақылар жүйесі біртіндеп жойылып жатқаны белгілі, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жинақталған еңбек өтілі ескеріледі.

Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтаушы зейнетақының рөлі артады (зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері де соғұрлым жоғары болады).

Азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақысының мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Әйелдер үшін жұмыс істемейтін ананың жас балаларын бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы алғанда 12 жыл шегіндегі уақыты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеледі деген жеңілдік сақталған.

Биылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу жасы төмендетіліп, 45 жасқа толғаннан басталады. Бұл ретте аннуитеттік төлемдер ерлер үшін 55 жастан, әйелдер үшін 52 жастан басталады. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан жүргізіледі. Осы өзгерістерге, сондай-ақ ай сайынғы аннуитеттік төлемдердің ең төменгі мөлшерінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін төмендеуіне байланысты (бұрын аннуитеттік төлемдер ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен болмауы тиіс еді) зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасу БЖЗҚ салымшыларының көпшілігі үшін қолжетімді болды. Осылайша, сарапшылардың бағалауы бойынша 40 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін БЖЗҚ-дағы жинақтардың ең аз жеткіліктілік сомасы шамамен 7,5 млн теңгені құрайды.

"Қазақстанда белгіленген зейнеткерлік жас халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулердің нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген. ҚР-дағы зейнеткерлік жас халықаралық тәжірибеге және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді. Сондықтан Қазақстанда зейнетақы жасын өзгерту туралы мәселе қаралмайды", – делінген хабарламада.