Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Экономистер қазақстандықтарға рубль алмауға кеңес беріп отыр

Әсіресе, өз өнімін негізінен Ресейге экспорттайтын ірі кәсіпорындар шығынға батады.

Экономистер қазақстандықтарға рубль алмауға кеңес беріп отыр
фото: 365info.kz

Өткен аптаның аяғында Ресей валютасы 1,5 пайызға құнсызданды, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.

Экономистердің айтуынша, Ресей рублі алдағы уақытта тағы девальвацияға ұшырауы мүмкін. Мамандар мұны Федерациядағы саяси жағдаймен байланыстырады.

Жыл басынан бері ұлттық валюта бағамы қатты құбылған жоқ, қайта керісінше нығая түсті. Қазақстандық экономистер осындай пікірде. Оған бірнеше фактор әсер еткен. Соның ішінде «қара алтын» құнының көтерілуін атап өтуге болады. Соңғы айда мұнай бағасы шамамен 10 пайызға өсті. Бұған қоса, АҚШ ел экономикасын қаржыландыруға 1 триллион доллардан астам сома бөледі. Бұл америкалық валютаны қысқа мерзімге әлсіретуі мүмкін. Ал Ресейдегі саяси ахуалға байланысты өткен аптаның аяғында рубль құнсызданып, 1,5 пайызға арзандады. Нәтижесінде, қазақстандық қаржы нарығында 1 рубль 5 теңге 59 тиынға саудаланды. Алдағы уақытта рубль тағы арзандауы мүмкін. Сондықтан экономистер қазір Ресей ақшасын сатып алмауға кеңес береді. Рубльдің әлсіреуі қазақстандық кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Әсіресе, өз өнімін негізінен Ресейге экспорттайтын ірі кәсіпорындар шығынға батады. Сондықтан рубль бағамы 5-6 теңге аралығында болғаны тиімді дейді мамандар.

Қаржыны қай валютада сақтаған тиімді?

Қазақстандық қаржы нарығына қатысушылардың болжауынша, ақпан айында доллар 419 теңге төңірегінде сақталады. Ал жылдың аяғына қарай америкалық валюта бағамы 433 теңге тұрады. Осы тұстағы тағы бір дерек, доллармен сақталған депозиттердің жылдық табысы 1 пайыздан аспайды. Ал рубльде сақталған депозиттерден түсетін пайда жылына 2 пайызға жуықтайды. Бұл сәйкесінше АҚШ пен Ресейдегі инфляция көлемінен аспайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, теңгемен ашылған депозиттердің жылдық мөлшерлемесі 10 пайыздан жоғары. Сондықтан қаржыгерлер қаржыны отандық валютада сақтаған тиімді деп есептейді. Бұдан бөлек, Қазақстанның депозиттерді сақтандыру қоры есебінен ұлттық валютадағы жинақтардың сақталуына кепілдік жоғары. Дегенмен мамандар қаражатыңызды бірнеше валютада сақтауға да болатынын ескертеді. Бұл нарықтағы өзгерістерге қарамастан, жинақтарыңыздың құнын жоғалтпауға көмектеседі.

Елімізде зейнетақы жинағының бір бөлігін алу бойынша 20 мыңнан астам адам өтініш берген. "Отбасы банкі" баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір 70 мыңға жуық адам арнайы шот ашқан.

Өтініш бергендердің 48 пайызы ипотекасын жабуды мақсат еткен. 17 пайызы баспананы қолма-қол ақшаға, яғни ипотекасыз алуды көздейді, 13 пайызы зейнетақы жинақтарын жақын туыстарына немесе жұбайына табыстаса, адамдардың 8 пайызы "Отбасы банкінде" баспананы несиеге рәсімдеуді шешкен. Тағы осындай пайыз тұрғын үйге қатысты өзге де төлемдерін өтеуді мақсат етсе, қазақстандықтардың 6 пайызы зейнетақы төлемдерін бастапқы жарна ретінде пайдаланбақ.

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын қайда жұмсайды?

Ипотекалық қарызды жабу - 48%, ипотекасыз сатып алу - 17%, жақын туысына табыстау - 13%, "Отбасы банкінен" несие алу - 8%, құрылыс, қаржыландыру, жалға беру берешегін өтеу - 8%, алғашқы жарна ретінде пайдалану - 6%.

Баға Крыша.kz сайтындағы деректерге және өңірлік тілшілердің ақпаратына негізделген.

Алматыда 1 шаршы метрдің орташа құны – 470 мың теңге. Нұр-Сұлтанда пәтерлердің 1 шаршы метрі - 355 мың теңгеден асады. Шымкентте 1 шаршы метрдің құны - орта есеппен 312 мың 300 теңге. Ал Қарағандыда баспана бағасы одан сәл төмендеу, 1 шаршы метрі - 288 мың 600 теңге. Қостанайда баспананың 1 шаршы метрі - орта есеппен 200 мың теңгеден басталады. Жалпы өткен жылы баспана құны шамамен 5-7 пайызға өскен.

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар - 420 теңге 67 тиын, еуро - 510 теңге 99 тиын, рубль - 5 теңге 58 тиын.