"Бюджетке төленбеген салық 29 миллиард теңгеден асты. Сотқа 65 іс жолданды..." - делінген хабарламада.
Алматыда 147 миллиард теңгеге жалған шот-фактура жасағандар белгілі болды. Қалалық прокуратураның мәліметінше, өткен жылы 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың ақшаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырумен байланысты 82 құқықбұзушылығы анықталған, деп хабарлады paryz.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Қолма-қол ақшаға 147 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жасалған. Бюджетке төленбеген салық 29 миллиард теңгеден асты. Сотқа 65 іс жолданды, 11 адам түрлі жазалау шараларына сотталды", - делінген хабарламада.
Салық органдары сотқа қолма-қол ақша беретін компаниялар мен олардың контрагенттері арасындағы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы 165 талап арыз енгізді. Олардың 62-сі бойынша 11 миллиард теңгеге қанағаттанарлық шешімдер шығарылды.
Еске сала кетсек, бұған дейін 19 қаңтарда жалған шот-фактура жасаған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталған болатын. Тергеу барысында олардың 2017-2020 жылдар аралығында жалпы сомасы 7,7 миллиард теңгеден асатын бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында коммерциялық ұйымдарға жалған шот-фактура жасағаны анықталды.