Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Шағын және орта бизнес: 860 мың алматылық осы салада жұмыс істейді

Елімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Қалалық к15әсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, шаһарда қазір 860 мың алматылық осы салада жұмыс істейді. Мегаполисте түрлі кәсіпті меңгеріп, экономиканың дамуына үлес қосып жүрген азамат көп. Соның бірі - Хадиша Нұртайқызы. Ол – 25 жылдық тарихы бар ет өнімдері комбинатының негізін қалаушы, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шағын және орта бизнес: 860 мың алматылық осы салада жұмыс істейді
фото: Almaty.tv

500 адамды жұмыспен қамтып, жылына 3500 тонна өнім шығаратын зауыттың негізі 1998 жылы қаланған. Оңтүстікте туып, Шығыста білім алған Хадиша Нұртайқызы еңбек жолын алдымен Маңғыстаудағы ет комбинатынан бастаған. Одан кейін алып шаһар Алматыға арман қуып келіп, шағын цехын ашқан.

– 1998 жылы 21 қазанда алғашқы өнімді шығардық. Осы саланың маманымын. Алғашында 8 адам жүмыс істеді. Үкімет сол жылдары шағын кәсіпкерлікті қолдады, біз жұмысты шағын цехтан бастадық, – деді Ет өнімдері комбинатының бас директоры Хадиша Бижан.

Комбинат жыл сайын өнімдерін жаңартып отырады. Қазір тұтынушыларға 100 түрлі ет деликатесін ұсынады. Өнімді еңбегі үшін  «Алтын сапа» сыйлығын, республикалық деңгейдегі «Қазақстанның үздік тауары» белгісін алған. Зауыт қызметкерлері мұның бәрі тәжірибелі басшымыздың арқасы деп отыр.

– Біздің компания енді өсіп-өніп келеді. Мақсат – сапалы өнім шығару. Сол сапаны, жұмысымызды қадағалайтын басшы бар. Хадиша Нұртайқызы – осы саланың білікті маманы. Соның арқасында жақсы нәтижеге жеттік, – деді Ет өнімдері комбинатының жұмысшысы Талғат Оразалиев.

Компанияның ауқымы да кеңейіп келеді. Қазір зауыттың Көкшетау қаласында ет өңдеу кешені бар. Онда ірі қара және ұсақ малдарды союмен айналысатын мамандар жұмыс істейді. Ал Ақмола облысында бордақылау кешені іске қосылған. Сондай-ақ зауыттың 40-қа жуық фирмалық дүкені бар. Ал негізгі ғимараты жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында құрылған Алматы индустриалды аймағында бой көтерген.

– Алматы әкімдігі индустриалды аймақтан 3,5 гектар жер берді. Зауыт салдық. Үкіметтің қолдауының арқасында жұмыс жасап отырмыз, – деді Ет өнімдері комбинатының бас директоры Хадиша Бижан.

Айта кетейік, компания өндірістік циклді толықтай өзі жүзеге асырады. Яғни мал бордақылау, сою, шикізат өндіру, өңдеуден бастап, дайын өнімді дүкен сөресіне дейін жеткізумен зауыт қызметкерлері айналысады.

Алматыда 9 айдың қорытындысы бойынша жоғары іскерлік белсенділік сақталуда. Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлік басқармасы мамандары айтты.

Белсенді жұмыс істейтін ШОБ нысандарының саны 25,8%-ға артып, 341 мыңға жетті.

Бірінші  жартыжылдықта ШОБ өнімін шығару 8,6%-ға артты. Ал шағын және орта бизнесті қолдау үшін субсидиялау, кепілдік беру және несиелендіру үшін бюджеттен 49,4 млрд теңге бөлінді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 60%-ға дейін ұлғаяды деп жоспарланады. 

Шаһарда барлығы 380 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 22%-ға жоғары (312 784 бірлік). Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 323 мыңды құрайды, бұл да өткен жылдың сәйкес кезеңінен 39% - ға жоғары (233 030 бірлік). Айта кетсек, еліміз бойынша бұл көрсеткіште Алматы бірінші орынды алып тұр.

Естеріңізге салайық, елімізде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, шаһарда қазір 860 мың алматылық осы салада жұмыс істейді. Мегаполисте түрлі кәсіпті меңгеріп, экономиканың дамуына үлес қосып жүрген азамат көп.