Прямая трансляция

Астана

Астана

14°C

Азық-түліктің қымбатшылығы мен импортқа тәуелділік: Аграрлық саясаттан қандай қателік кетті?

Қазақстан аумағы жағынан әлем елдері ішінде 9-шы орында тұр! Осылай деп, жердің кеңдігімен қанша мақтансақ та, аграрлық әлеуетті 30 жылда пайдалана алмағанымыз байқалады. Азық-түліктің күн санап қымбаттауы – бұл күнде қазақстандықтардың ең басты проблемасының біріне айналған. Импорттың да үлесін азайта алмай келеміз.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің, агроөнеркәсіптік кешеннің дамымай қалғанына қандай факторлар себеп болды? Агросаясатта қандай кемшілік кетті? Бұл туралы сарапшылар пікірін жазған Рaryz.kz ulysmedia.kz сілтеме жасады.

Азық-түліктің қымбатшылығы мен импортқа тәуелділік: Аграрлық саясаттан қандай қателік кетті?
ulysmedia.kz

МЕМЛЕКЕТ ЛОГИСТИКА МӘСЕЛЕСІН РЕТТЕУІ КЕРЕК ЕДІ

Қазақстан президенттігіне экс-кандидат, Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбековке хабарласып көргенбіз. Сарапшының айтуынша, агросаясат жалпы қатып қалған ережемен біржақты жүрмеуі керек. Ол жағдайға байланысты өзгеріп тұруы тиіс. Төлеутай Рахымбеков қазір жүргізіліп жатқан агросаясаттың негізі тоқсаныншы жылдардың аяғы екі мыңыншы жылдардың басында қалыптасқанын айтады. Сол бетімен айтарлықтай өзгеріссіз келе жатыр. Ал қазіргі бүкіл жағдайды, дүние жүзінде қалыптасқан ахуалды, Ресейде болып жатқан өзгерістерді есепке алып, агросаясатты жүргізу керек.

«Біздің ауыл шаруашылығындағы ең басты өніміміз – дәнді-дақылдар. Дәнді-дақылдардың бағасын халықаралық сұраныс емес, біздің жыл да өзгеріп тұратын, өндірілетін өнімнің көлемі емес, Ресейдегі жағдай қалыптастырады. 2000 жылдардың басында да, бертін де солай. Ресейде өнім жақсы шықса, олар жолды жаба бастайды. Біздің шет елдерге өнім шығаратын жолдарымыз көбінесе Ресейге байланған. Логистикалық тәуелділік деп айтуға болады бір сөзбен», - дейді сарапшы.

Төлеутай Рахымбеков кез келген іспен айналысқан кәсіпкер табыс әкелуді көздейтінін айтады. Ол кәсіпкерлік жұмыс. Ал кәсіпкерліктің ең бірінші мақсаты – табыс табу. Табыс табу үшін өндірілген тауарды нарыққа шығарып сату керек. Сарапшы өндіретін өнімді, дәнді-дақылдарды мысалға келтіріп отыр.

Төлеутай Рахымбеков

«Ол біздің басты өніміміз. Біздің ішкі нарықтағы қажеттіліктен екі есе көп өндіріледі. Яғни біздің ішкі нарыққа 8 млн тонна астық керек болса, біз 16 млн тоннадан артық астық өндіреміз. Сондықтан, біз оны шетелге шығаруымыз керек. Шетелге шығару үшін сонау Қара теңіздегі Новороссийск портына жүгіну керек. Ал оған жеткізу үшін Ресей арқылы теміржол қажет. Егер Ресейде өнім жақсы шықса, олар өз жолдарын жаба бастайды. Сол кезде біздің бидай, астық Қазақстанның ішінде кептеліп қалады. Сол себепті біздің соңғы кездегі басты нарығымыз – мына оңтүстік жақ: Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан. Шамалы Әзербайжан. Бірақ олардың барлығы ұнды қосқанда экспорт әлеуетінің 4-5 тоннасын қамтиды. Ал біз 8 млн тоннадай сыртқа сатуымыз керек. Пәкістан кейбір жылы ұн және бидаймен кейбір кезде өз-өзін толық қамтиды. Бірақ құрғақшылық болған кейбір жылдары олар Қазақстанның бидайын алуға мәжбүр болады. Осы логистикалық қиындықтарды мемлекет реттеуі керек еді», - дейді сарапшы.

СУБСИДИЯ ЖҮЙЕСІН ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК!

Төлеутай Рахымбеков астықты басқа елдерге сатқан кезде ұн күйінде сатылуы керектігін мәлім етті. Ұнды сату пайдалы. Көбірек сатылса Қазақстанда жұмыс орындары пайда болады. Салық төленеді. Бидайды ұнға айналдырғаннан кейін шыққан кебек мал шаруашылығының пайдасына жарайды.

«Өкінішке қарай бүкіл жағдайды өз ағымына жібердік те, біздегі ұн комбинаттарының біразы Өзбекстан мен Тәжікстанға көшіп кетті. Сөйтіп олар бізден дәнді-дақылдарды шикізат ретінде шығара бастады. Осыдан 10-15 жыл бұрын Тәжікстан өзіне қажетті ұнның 95 пайызын Қазақстаннан алатын. Ал қазір Тәжікстан 95 пайыз ұнды өздері өндіреді. Бірақ біздің бидайдан! Міне, аграрлық саясаттың қателігінің бір себебі осында. Кезінде бір министр, атын айтпай-ақ қояйын, етті сатам деп етке көңіл бөліп, мына ұн өндіретін зауыттарға қолдау көрсетілмей қалды. Ол министрге ұн өндіретін кәсіпкерлер бізге де көмектесіңіз деген кезде ол «ауыл шаруашылығы министрлігі емес, екіншіден, сендер бизнесменсіңдер, өздерің сатыңдар» деп қоя берген. Көмектеспей!» - деп бұрынғы басшыларды еске алады ол.

Төлеутай Рахымбаевтан кез келген министрдің орынтаққа келгенде өз саясатын жүргізуі аграрлық саланы шатқаяқтатып тұрған жоқ деп сұрағанбыз. Сарапшы бұл ойдың сөзсіз негізі бар екенін айтады.

Сарапшы сонымен қатар көрші мемлекеттің аграрлық саясаты туралы сөз қозғады. Айтуынша, Ресей санкциялар салқынында 2022 жылы ғана ұшыраған жоқ. 2014 жылы-ақ алғашқы санкциялар енгізілген. Сол 2014 жылы алғашқы санкциялар енгізілген. Сол кезден бастап ондағы ел билігі аграрлық саясатын түбегейлі түрде өзгерткен. Атап айтқанда, өз өнімдерін қолдау шеңберінде жылына оған дейін 80-90 млн тонна астық өндіріп келген Ресей бүгінгі таңда жылына 130 млн тонна астық өндіру мүмкіндігіне қол жеткізген. Яғни өндірісті бір жарым есе өсірген. Төлеутай Рахымбаевтың айтуына қарағанда, Ресейде әр гектардан 20 центнер бидай шығады (бұрынғы көрсеткішінен 1,5 есе көп). Ал Қазақстанда бидай шығымы тың игерген 1953 жылғы көрсеткіш бойынша қалып қойған (гектарына 12-13 центнер). Әр гектардың өнімділігі еңбек өнімділігіне әсер ететіндіктен, өнімнің өзіндік құнына да әсер етеді. Қазір Қазақстанның астығы 180 мың теңге болса, Ресейдің астығы сыртта 130 мың теңгеден сатылады. Яғни бәсекелестік қабілет бұл тұрғыда Ресейде жоғары.

«Біз осыдан 5-6 жыл бұрын бұл мәселені айтқанбыз. Қазір де айтып келе жатырмыз. Ең алдымен, аграрлық саясатты өзгерту керек. Екіншіден, мемлекеттік қолдау, оның ішінде басты мәселе субсидияны түбегейлі өзгерту керек. Бізде 50-жуық түрлі субсидия бар. Біз техникаға, тыңайтқыштарға, пестицидке, веиеринарлық препараттарға, бұқа немесе қой алса субсидия жасаймыз. Бірақ осылардың бәріне субсидия беру 2000 жылдардың басында дұрыс болған шығар. Ол тұста жалпы Қазақстанда субсидия көлемі бар-жоғы 3,5 млрд теңге болатын. Қазір ол көрсеткіш 100 есе өсті. 350 млрд теңгеге барды! Бірақ бір қызығы, тыңайтқышқа субсидия берсе, тыңайтқыштың бағасы өседі. Техникаға 25 пайыздық субсидия бере бастасаң, техника 25 пайызға қымбаттайды. Оны айтып отырғаным, мемлекет фермерге субсидия беріп отырмын дейді де, бірақ фермердің ақша қалтасына түскенімен, тесік шалбарының балағынан түсіп кетеді де, ол субсидияны тыңайтқыш өндіретін, техника әкеп сататын, пестицид өндіретіндер алады. Сол субсидиялар айналып келгенде ауыл шаруашылығының өнімділігіне еш әсер етпейді», - дейді ол.

ШАРУАЛАРДЫ САЛЫҚТАН БОСАТУ КЕРЕК!

Төлеутай Рахымаевтың айтуынша, мемлекеттен қаншама субсидия бөлініп жатса да, оның тиімділігін ешкім бақылап отырған жоқ. Мәселен, субсидия бұқаға берілсе, сол бұқалардың саны өсті ме, жоқ па – қадағаланбайды. Сол секілді тыңайтқыштарға бөлінген субсидияның арқасында шығым қаншалықты тиімді болғанын да ешкім тексермейді. Сарапшы сол себепті жылда субсидияға бөлінетін 350 млрд теңгенің тиімді жұмсалмай жатқанын айтады.

«Менің айтып жүргенім – біз субсидияны өнімге беруіміз керек. Картоп өндірдің бе, оның келісі 100 теңге болса, соған 40 теңге субсидияңды ал! Ет немесе сүт өндірдің бе – етке және сүтке ал. Демек, шаруа өз жұмысының нәтижесі үшін ақша алады. Содан кейін әр фермер, әр шаруа субсидияны көбірек алуы үшін ол көбірек өнім өндіруге тырысады. Дұрыс па!?» - дейді ол.

Егер өнімді (импорттық үлесі көп – құс еті, көкөніс, жеміс-жидек) ішкі нарыққа шығарса, онда соған субсидия беру керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдерін фермер қайта өңдеуге өткізсе, соған беру керек. Үшіншіден, өнімді экспортқа шығарса берілуі тиіс. Өнім үшін! Мемлекеттік қолдау жүйесін күрделі түрде өзгерту керек. Сарапшы осылай дейді. Төлеутай Рахымбеков үшінші мәселе – бұл қосылған құнға салықты толығымен азық-түлік нарығынан алып тастау керек (НДС – ҚҚС) деп есептейді. Неліктен Ресейдің өнімі Маңғыстаудан Өскеменге дейін толып тұр? Соның бір себебі – 1990 жылдардан бастап Ресей азық-түлік нарығындағы қайта өңдейтін кәсіпорындарға салынатын қосымша құн салығын алып тастаған. 2003 жылы мұндай жеңілдік Қазақстан шаруаларына да енгізілгенімен, одан кейін салық комитеті оны қайтадан кіргізген. Сарапшының есептеуінше, 12 пайыздық ҚҚС айналым қаражатты кәсіпорындардан тартып алады. Ол айналым ақшаны тартып алғаннан кейін кәсіпорындар құрылғылар мен жабдықтарын жаңартай алмайды. Онда шикізатты сатып алуға қайдан ақша болады дейді ол.

«Ресей екеуміздің жағдайымыз бір дейтін, соның арқасында бүкіл зауыттарын жаңғыртып алды толығымен. Содан кейін оның өнімінің бағасы арзан болады. Мен тоқсаныншы жылдары сүт зауытында еңбек еттім. Біз шаруалардан сүтті литрін 15 теңгеден сатып алатынбыз. Орыстар да сөйтіп 15 теңгеден алатын. Бірақ 10 теңгесін субсидия ретінде қайтарып беретін. 5 теңгесін федералды бюджет, 5 теңгесін облыстың бюджеті қайтаратын. Сонда қайта өңдеу кәсіпорнына сүт 5 теңгеден түсетін. Мен 15 теңгеден сатып алам. Кімнің өнімінің бәсекелестік қабілеті жоғары болады? Әрине, орыстың бизнесі. Ауыл шаруашылығы саласын қалған салықтың бәрінен босату керек деп есептеймін. Ол бюджетке қатты шығын әкелмейді. Бүкіл ауыл шаруашылығының Қазақстан бюджетіне төлейтін салығы – 55-60 млрд теңге ғана. Қытайлар секілді, «ауыл шаруашылығымен айналыстың ба, салық төлемей-ақ қой, рахмет» деу керек. Қытайда солай! Ауыл шаруашылығымен айналысқан адам біріншіден өзі күн көріп, оған қоса халыққа тамақ, азаматтарға жұмыс тауып беріп отыр. Салық салмай соған рахмет айту керек қой!» - дейді сарапшы.

Төлеутай Рахымбеков сонымен қатар, инфрақұрылым мәселені де назар аударылуы керектігін мәлім етті. Кооперация аясында инфрақұрылым керек.

«Фермер ауыл шаруашылығы өнімін өндірді делік. Ол қайда жібереді өнімін? Оның басы ауырмауы тиіс. Ол даладан шықпауы керек. Өндірді – даланың шетіне қойып, оны біреу келіп әкетуі тиіс. Ол кісі сақтап, қайта өңдеу, сатуы керек. Екінші, тура сол инфрақұрылым кооперацияның арқасында фермерге тиісті тауарларын, жанар-жағармайын, тыңайтқышын, техникасын алып беруі тиіс. Үшіншіден, қызмет көрсетуі керек. Ветеринарлық қызмет, инженерлік қызмет, мал азығын дайындау, механизация... Ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші тек өнімді өндірумен айналысқаны абзал. Ал төртіншіден, ақпарат пен білім тарату. Осының барлығына инфрақұрылым жасалуы тиіс. Совет үкіметі кезінде осының барлығы болған. Қазір жоқ», - деп сөзі түйіндейді Төлеутай Рахымбеков.

«АЗЫҚ-ТҮЛІК ТӘУЕЛСІЗДІГІН» ЕНГІЗСЕ...

Азық-түліктің қымбатшылығы турасында бұған дейін сенатор Ақылбек Күрішбаев та мәселе көтерген. Оның айтуынша, қазір Қазақстанның мемлекеттік органдары өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді. Олардың іс қимылы алдын алу сипатындағы шараларды қолдануға емес, аяқ асты туындаған жағдайға жауап қайтаруға ғана бағытталған. Ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттауға тыйым салу және экспорттық квоталарды енгізу оңай, бірақ ондай шектеулер фермерлерді банкроттыққа, ал отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежелуге әкелуі әбден мүмкін дейді ол.

Ақылбек Күрішбаев

«Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелілік жоқ. Біріншіден, бізге заңнамалық деңгейде «азық-түлік тәуелсіздігі» ұғымын дәл анықтау қажет. Өйткені қазіргі тұжырымдама нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Мысалы, кейбір өнім түрлері бойынша өндіріс көлемі тұтынудың физиологиялық нормаларының негізінде есептелген ішкі нарықтың қажеттілігінен асып кетеді, яғни қағаз жүзінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырмыз. Ал шын мәнінде, бұл өнімдер бойынша біз импортқа әлі де тәуелді болып отырмыз. Басқаша айтқанда, халықтың азық-түлік тауарларының тұтыну нормаларын анықтауда шынайы (объективті) тәсілдерге ауысуымыз қажет», - дейді ол.

Сенатордың айтуынша, екіншіден, елде азық-түлік қауіпсіздігі доктринасы қабылданып, оның нақты көрсеткіштері, бағалау өлшемшарттары мен қамтамасыз ету тетіктері айқындалуы тиіс. Егер әлі күнге дейін оны мониторингтеудің толыққанды әдістемесі болмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін басқару қиынға айналады.

«Барлық дамыған елдерде бұл мәселелер ұзақ мерзімді экономикалық байланысты қалыптастыра отырып, белгіленген бағамен форвардтық және фьючерстік келісімшарттарды дамыту арқылы шешіледі. Сондықтан оларда азық-түлік тауарларын ішкі нарыққа белгіленген бағалар бойынша жеткізудің тұрақты көлемі сақталып отырады. Осы себептен аталған елдерде азық-түлік инфляциясы біздегідей құбыла бермейді.Ал біз осындай жүйені жасай аламыз ба? Менің ойымша, толық мүмкіндігіміз бар», - дейді ол.

Ақылбек Күрішбаев қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субсидия ала отырып, ішкі азық-түлік нарығының жай-күйіне, азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне қатысты ешқандай жауапкершілікті көтермейтінін атап өтеді. Ашығын айтқан сенатор көптеген бағыт бойынша субсидиялау жүйесі бюджет ақшасын жай ғана тарату рәсіміне айналған. Бүгін де ауылдағы тауар өндірушілердің басым бөлігі нарықтың құбылмалы жағдайында жұмыс істейді, белгіленген бағамен өсірілген өнімді өткізетін тұрақты орындары жоқ. Осы себептен фермерлердің негізгі ұстанымы – жоғары бағаны күту және кездейсоқ сатып алушыларды табу. Мұндай жағдайда ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес.

«Бұл проблеманы шешу үшін субсидиялау мүмкіндіктерін пайдалана отырып, агроөнеркәсіп кешеніндегі азық-түлік кластерлерді дамытуға экономикалық жағдайлар жасау керек. Атап айтқанда, өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгіленген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгізу қажет. Бұл ретте форвардтық келісімшарттарға аванс беру есебінен ауылдағы тауар өндірушілерінің айналым қаражатын толықтыру мәселелері де бір мезгілде шешіледі», - дейді ол.

Күрішбаев мұндай жағдай жоғарыда айтылған экспорттық шектеулерді қолданудан бас тартуға және сол арқылы экспортқа бағдарланған отандық агробизнестің тиімділігін арттыруға, яғни мемлекеттің аграрлық саясатын тұрақты жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтеді. Аталған жүйелі өзгерістерді іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

МЫСАЛЫ, КАРТОП НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Аталмыш мәселе турасында Іnbusiness.kz порталына сұхбат берген Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының төрағасы, химия ғылымдарының кандидаты Дархан Балпанов та өз пікірін ортаға салыпты. Оның айтуынша, қазір азық-түлік проблемасы дүниежүзі бойынша алға шыққан. Жаһандық жылынудан туындаған қуаңшылық екінші бүйірден қысады. Жеріміз Батыс Еуропаның жерімен шамалас болғандықтан, жарты әлемді асырай алар едік... Солай бола тұра импортқа тәуелдіміз. Не істеу керек? Алғашқы қадам тұқым шаруашылығына ден қоюдан басталғаны абзал дейді ол.

Дархан Балпанов

«Сорт шығарып, селекцияға көңіл бөлу керек. Онсыз іргетасы қаланбаған үйдің шатырын жауып жатқан секілді көрінеміз. Шетелден көптеп тауар сатып әкеліп қоямыз деген қысқа уақытқа құрылған шешім болады. Мемлекет тұқым шығару саласына сала ретінде қарап, тиянақты тапсырма беріп, қатаң қадағалауға тиіс. Мысалы, «картоп неге қымбат?» деген сұраққа жауап берейін. Өйткені фермерлер бір келі тұқымды шетелден 800 теңгеге алады. Әрі қарай жанармай бар, жер жырту бар, қоймада сақтау керек... Соңында сатылымға 250-300 мың теңгеден береді. Тонна емес, келімен өлшесек, 250-300 теңге болады. Ал тұқым өзімізде шығарылатын болса, фермерлер бір келісін 200 теңгеден ғана алады. Күзде өнімін алғанда халыққа бір келі картопты 250-300 емес, 80 теңгеден сатады. Мемлекет те осы бағада сатасың деп талап қоя алады», - дейді ол.

Сарпашы қазір біз өз ішіміздегі картоп тұқымы нарығының бес пайызын да жауып жатқан жоқпыз дейді. Фри, чипсы шығаратын картоптың бәрі шетелден келеді, сондықтан бәрі қымбат.

«Өткен отыз жыл ішінде агросекторда жиырмадан аса реформа болған шығар. Ең өкініштісі, басында еншімізде (Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының тәжірибелік станцияларында – авт.) тұқым шығаруға арналған 2 млн 500 мыңдай гектар алқап болса, соның басым көпшілігінен айырылдық. Қазір 104 мың гектар ғана қалды. Ал тұқым шығару ісімен дұрыс айналысуға, шамамен, 400 мыңдай гектар керек. Сонымен бірге қаражат мәселесі де маңызды. Ресейде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 3%-ы ғылымға бөлініп жатыр. Жапония мен АҚШ-та одан жоғары. Қателеспесем, сегіз және алты пайыз ғой деймін. Біздің елде 0,12 пайызы ғана бөлінеді. Ал мұның ішінде ауыл шаруашылығы ғылымына тиетіні нөл-нөл... бірнәрсе пайыз шығар. Біздің орталыққа тиетіні 8,5 млрд теңге екен. Компаниямызда, үш университетті қоса алғанда, 37 ғылыми орталық бар, соны ескерсек, бір жылда әрқайсына 220 млн теңгеден айналады. Бұл аз. Бір тәжірибелік станцияның жақсы жұмыс істеуіне 500 млн теңге берілуге тиіс. Ал бізде өңірлерде 17 тәжірибелік орталық бар», - дейді ол.

Дархан Балпанов алтын, мыс секілді қазба жұмысымен (жер қойнауын пайдаланушылар – авт.) айналысатын компаниялар табысының 1%-ын ғылымға бөлуі керек деген бір шешім осыдан жеті-сегіз жыл бұрын қабылданғанын атап өтеді. Себебі олар халық байлығын пайдаланып отыр. Бірақ олар қазып кеткен жерлер тау-тау болып жатыр.

«Егер олар белгіленген ақшаны ғылымға бөлген болса, сол жерлер қазір бос болмас еді, мал немесе егін шаруашылығына кәдеге жарайтын еді. Олар қаражатты ғылымға бөлу керек деген бұйрықты қалай орындады дейсіз ғой? Бір фирмалар ашып, аккредитациялар алып, өз ішінде істеп жатқан секілді болып көрініп отыр. Негізі жер қойнауынан түскен ақша нақты ауыл шаруашылығына бөлінуі керек. Сонда игерілген аумақтың үстінде шаруашылықты дамытуға болады», - деп ой бөліседі Дархан Балпанов.