Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Жемқорлық жынысқа бөлінбейді..." - Ұлттық комиссия төрағасы

"Жалпы бұл бағытта ғылыми зерттеулер өте аз. Бірақ бар. Солардың нәтижелеріне сүйенсек, әйелдер арасында да жемқорлық фактілері болатынын байқауға болады", - дейді Ләззат Рамазанова.

"Жемқорлық жынысқа бөлінбейді..." - Ұлттық комиссия төрағасы
фото: ашық дереккөз

AntikorLive алаңында "Гендерлік саясат және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес" тақырыбында брифинг ұйымдастырылды. Жобаның бұл жолғы қонағы – ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Рамазанова.

Спикер саясаттағы әйелдер, олардың жемқорлыққа көзқарасы туралы сөз қозғады.

"Ел халқының 52%-ы – әйелдер. Оның ішінде 16 жас пен 58 жас аралығындағы жұмысқа қабілеттілері – 4,5 миллион. Олардың әрқайсысы – Қазақстанның дамуына, жалпы ішкі өнімнің өсуіне өз үлесін қосып отырған жандар", – дей келе, Ләззат Рамазанова жемқорлық тақырыбына ойысты.

"Жемқорлық жынысқа бөлінбейді. Мұндайда гендерлік мәселе жоқ. Оны кез келген адам жасайды. Ол – кез келген қоғамның алға жылжуына жол бермей отырған ең үлкен індет. Жалпы бұл бағытта ғылыми зерттеулер өте аз. Бірақ бар. Солардың нәтижелеріне сүйенсек, әйелдер арасында да жемқорлық фактілері болатынын байқауға болады. Сондықтан бұл індетпен қоғам болып күресуіміз керек", – деді ол.

Құралай ҚҰДАЙБЕРГЕН