Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

Еліміздегі 9 банк таратылады

Банктердің мүлкін сату туралы ақпарат таратылатын банктің сайтында жарияланады.

Еліміздегі 9 банк таратылады
фото: wfin.kz

Қазақстанда тоғыз банк таратылу процесінде тұр деп хабарлайды Paryz.kz, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік лицензиялары кері қайтарып алынған банктерді тарату өндірісінің  тәртібі, процесі және қазіргі жай-күйі туралы мәлімет берді.

Қазіргі уақытта 9 банк – Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan таратылу сатысында, - делінген хабарламада.

Банктерді тарату тәртібі мен процесі

Банк қызметін тоқтату кезіндегі негізгі мақсат – кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олармен есеп айырысуды қамтамасыз ету және банктің барлық операциясын аяқтау, деп атап өтті агенттік.

Банк кредиторларының талаптары банктер туралы заңда белгіленген кезекпен қанағаттандырылады:

  • бірінші кезекте, еңбекақы төлеу мен жеке тұлғалар бойынша талаптар қанағаттандырылады.
  • екінші кезекте, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік берілген сома шегінде "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ алдында есеп айырысу.
  • үшінші кезекте, банк мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша есеп айырысу.
  • төртінші кезекте, үлестес тұлғалар болып табылмайтын жеке тұлғалардың ҚДКҚ кепілдік берілген сомасынан асатын депозиттері бойынша, сондай-ақ зейнетақы активтерінің есебінен жүзеге асырылған депозиттер бойынша және "өмірді сақтандыру" саласы бойынша жүзеге асырылған сақтандыру ұйымдарының депозиттері бойынша есеп айырысуы.
  • бесінші кезекте, коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттар (қайырымдылық ұйымдары, соғыс ардагерлері, мүгедектер қоғамдары) алдында есеп айырысуы.
  • алтыншы кезекте, үлестес емес заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу.
  • жетінші кезекте, салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есеп айырысу, республикалық бюджет қаражаты және Ұлттық қордың қаражаты есебінен берілген қарыздар.
  • сегізінші кезекте, қалған кезектерге кірмеген басқа кредиторлар алдында есеп айырысу.
  • тоғызыншы кезекте, үлестес жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша есеп айырысу.
  • оныншы кезекте, реттелген борыш және мерзімсіз қаржы құралдары бойынша есеп айырысу.

Тарату өндірісін жедел аяқтау және кредиторлардың талаптарын өтеу мақсатында агенттік банктің тарату комиссиясын тағайындайды.

Тарату комиссиясы таратылатын банктің атынан әрекет етеді және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша дербес шешім қабылдай алады: кредиторлар реестрін қалыптастыру, мүлікті сату бойынша сауда-саттықты ұйымдастыру, берешекті сот тәртібімен өндіріп алу.

Таратылатын банктің активтері:

  • банктің меншікті мүлкінен;
  • заңды және жеке тұлғаларға берілген қарыздардан;
  • ақшадан;
  • бағалы қағаздардан;
  • жылжымалы және жылжымайтын мүліктен тұрады.

Таратылатын банктің үйлері мен ғимараттары, өзге жылжымайтын мүлік объектілері, көліктері құнына қарамастан, сондай-ақ таратылатын банктің мүлкінің біреуінің бағалау құны 100 АЕК-тен асатын өзге мүлкі жария сауда-саттық (аукцион) арқылы ғана сатылады.

Банктердің мүлкін сату туралы ақпарат таратылатын банктің сайтында жарияланады.

Қазіргі уақытта барлық таратылатын банк кредиторларының талаптарын қанағаттандыру дәрежесі әртүрлі сатыда, - деді агенттік.