Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Маңғыстау облысында 600 ірі және 6 мыңға жуық үй қожалықтарына қаржылай қолдау көрсетілді

Қазіргі уақытта шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етіп, мал азығы тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.

Маңғыстау облысында 600 ірі және 6 мыңға жуық үй қожалықтарына қаржылай қолдау көрсетілді
фото: дереккөз

Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлім етті. 

Биыл Маңғыстау облысында қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қаржылай қолдау көрсету үшін Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінді. Қайтарымсыз қаражат төрт түліктің аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге берілуде.

Қазіргі таңда бөлінген қаражаттың 57%-ы игерілді, яғни 5900 жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 745 млн теңге және 575 шаруа қожалығына 395 млн теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Қазіргі уақытта шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етіп, мал азығы тапшылығын жою мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.

1. Жергілікті бюджеттен 150 млн теңге бөлініп, «Каспий» ӘКК АҚ арқылы аталған қайтарымды қаржыға 15 шілдеден бері әр қала, аудандардан тағайындалған операторлар қажеттілікке қарай шөп тасымалдап жатыр. Бүгінгі күнге дейін 1350 тонна шөп сатып алынды. Бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасады. 

2. Жергілікті бюджеттен 54 млн теңге бөлініп, қайтарымды қаражатқа аудандардан тағайындалған операторлар Қостанай облысынан 950 тонна арпа жеткізді. Қазіргі таңда арпа түгел сатылып, айналымдағы қаржыға қосымша 1 мың тонна мал азығын сатып алу жұмыстары жүруде.

3. Сонымен қатар 107 млн теңгеге 15 вагон 3-4 сортты бидай (бидай қалдығы) сатып алынды, жақын күндері өңірге жеткізіледі.

Жалпы жыл басынан бері облысқа 41 500 тонна шөп тасымалданды. Соның 3500 тоннасы өзге өңірлерден көмек ретінде жеткізіліп, қуаңшылықтан зардап шеккен мал иелеріне тегін үлестірілді. Ал өңірге тасымалданған жем көлемі 24 мың тоннаны құрады.

Спикерлер ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркелмеген малға мемлекет тарапынан субсидия немесе қолдау көрсетілмейтінін айтты.

Қазір өңірде 636 824 бас мал тіркелген. Оның ішінде өлгені - 1163 (жалпы санының 0,18%). Өлген малдың 194-і ғана ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына тіркелген.

Төтенше жағдайлар департаменті ауа ылғалдылығына тексеру жүргізді. Нәтижесі төтенше жағдай жариялау шарттарына сәйкес келген жоқ. Сондай-ақ жануарлар арасында улану мен жұқпалы ауруға шалдығу дерегі тіркелмеді және өсімдіктер зиянкестерден зақымданбаған, яғни төтенше жағдай жариялауға заңды негіз жоқ.

Өңірде қысқы мал азығы қорын дайындау қызу жүруде

2021 - 2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында Премьер-министр А.Маминнің тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді. (1,9 млр. теңге – шөп, 3,4 млрд теңге – жем). Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарлануда.

Қазір аталған қаржының 600 млн теңгесіне мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып, өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмыстары басталып кетті.

Бұдан бөлек Атырау мен Ақтөбе облыстарының шабындық жерлерінен шөп шабуға 5 шаруа қожалығы аттанды. Олар өздеріне қор жинап, артығын өзге мал иелеріне сатады.   

Сонымен қатар бүгінгі күні жергілікті шабындықта 14 бригада шөп шауып жатыр. Олар жыл аяғына дейін 15 мың тонна шөп дайындамақ.