Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"21 мен 90 – әртүрлі сандар": депутат екпе салудағы екі компонент арасын алшақтатқандарды соттауға болатынын айтты

Азат Перуашевтың айтуынша, Қазақстан коронавирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлегенмен, оның нәтижесін толық пайдалануға мүмкіндік жасай алмай отыр.

"21 мен 90 – әртүрлі сандар": депутат екпе салудағы екі компонент арасын алшақтатқандарды соттауға болатынын айтты
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде бизнестің дамуына кері әсерін тигізген коронавирус пандемиясы кезіндегі кейбір жауапты ведомстволардың жұмысын сынға алды, деп хабарлады Azattyq Rýhy.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдержің көпшілігінде сауда мен қызмет көрсету саласындағы шектеулер кезең-кезеңімен алынып тасталады. Шағын бизнес қайта жұмыс істеп, адамдарда қалыпты жалақы алуға мүмкіндік туады. Осының бәріне халықты уақытылы вакцинациялау нәтижесінде қол жеткізіледі. Бізде бұл тәжірибе сәтсіз өтіп жатыр», - деді депутат.

Азат Перуашевтың айтуынша, Қазақстан коронавирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлегенмен, оның нәтижесін толық пайдалануға мүмкіндік жасай алмай отыр.

«Қазір вакцинация барысы туралы пікірталас болды. БАҚ-та айтылғандай, Қазақстан өзінің коронавирусқа қарсы вакцинасы бар бірнеше елдің қатарына енді. Ғалымдарымызға құрмет көрсету керек. Бірақ бұл жұмыстың жемісін біз толық пайдалана алмаймыз, өйткені өндіріс жолға қойылмаған. Зауыт әлі салынып жатыр, вакцина шығаратын жер жоқ. Біз бір елден субстанция, екіншісінен құты тасимыз, үшіншісіне құямыз. Сұйылту үшін пайдаланатын судың өзімізден болғанына шүкір», - деді ол.

Сонымен қатар, депутат вакцинаның құны туралы мәселе жабулы күйінде қалып отырғанына да тоқталды. Сондай-ақ Азат Перуашев әріптесі Лариса Павловецтің Қазақстандағы вакцинация қарқыны туралы айтқан сынын қолдады.

«Үш ай ішінде вакцинаның бірінші компонентін 1,4 млн адам алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері мақтанышпен хабарлайды. Бірақ, біздің мәліметіз бойынша вакцинаның екінші компонентін 347 мың ғана адам қабылдаған. Бұл - толыққанды вакцинация халықтың 2%-ын ғана қамтыды деген сөз. Бұл жерде қандай ұжымдық қауіпсіздік туралы айтуға болады? Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау мерзімін 21 күн дейді. Бірақ өткен аптада Бас санитар дәрігер (Ерлан Қиясов – ред.) екі компонент арасын 90 күн деді. Кешіріңіз, 21 мен 90 – әртүрлі сандар. Мұндай алшақтық үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Тіпті, түрмеге отырғызады. Ал, біздің министрліктегі шенеуніктер өздеріне 15 млн көлемінде сыйақы жазып отыр, сіз осындай саннан санға секіру мен айырмашылықтарды олардың қайдан алынатынын дәлелдеп негіздей аласыз ба?», - деп сұрады мәжілісмен.