Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Медицинаның дінге қайшылығы жоқ

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған әрбір шараның астарында ынтымақ, татулық, бірлік мүддесі жатыр. Әсіресе, әлемді әбігерге салып отырған індет кезінде ел бірлігі аса маңызды. Осы мақсатты ұстанған басқарма түрлі діни конфессиялардың бірауыздан корновирусқа қарсы екпе салдыруын ұйымдастырды. Бұл акция «Діни бірлестік  басшылары Клубы» қызметінің аясында өтті.

Медицинаның дінге қайшылығы жоқ

Бұл іс-шара біріншіден, конфессия аралық түсінушілікке, сыйластыққа ықпал етсе, екіншіден коронавирустан сақтанудың төте жолы деп ұғуға болады. Өйткені басталғанына екі жылдың жүзіна айналып бара жатқан бұл індет, жас-кәрі, үлкен-кіші, бай-кедей, мұсылман-христиан немесе буддист, католик деп қарамайды. Адамзаттың бәріне зардап шектіріп отыр. Ең басты ұғынуға тиіс нәрсе осы. Ал әркімнің сеніміне, нанымына, діни көзқарасына ешкім қол сұқпайды. Сол себепті соқыр сенімнің жетегінде кетпеген ләзім. Мемлекеттік органдар бағыт беруші, жол сілтеуші десек қателеспейміз. Мемлекет оған мүдделі. Ел-халықтың бірлігі мемлекетіміздің босағасын нықтап, шаңырағының шайқалмауын бекіте түседі.   

Мәселен, бүгінгі іс-шарада алып шаһардағы 17 конфессия өкілдері мен жетекшілерінің бір мүддеге топтасып, короновирусқа қарсы бәрінің бір кісідей екпе салдыруы қаладағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың оң бағытта дамуда екенін көрсетеді. Оған осы іс-шараға қатысып, пікір білдірген түрлі конфессиялардың өкілдері мен жетекшілерінің төмендегі сөздері куә:

Еркінбек Шоқай, Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы:

«Бүгін мұнда діни қайраткерлер келіп отыр. Нақтырақ айтқанда Діни бірлестік  басшылары Клубындағы 17 конфессияның өкілдері мен жетекшілері  бірігіп, медицина қызметкерлерінің ұсыныстарын ескере отырып, коронавирустан қорғану мақсатында екпе алу арқылы ұжымдық иммунитетке қол жеткізуді  өз дінтестеріне көрсету мен түсіндіруге жиналды. Мысалы үшін мен бес күн бұрын екпе алдым. Өзімді жақсы сезінемін,  ешқандай жанама әсер болған жоқ. Егер вакцинация пандемияны жеңуге көмектессе,  бізді және біздің отбасыларымызды аурудан қорғаса, біз неге қорқуымыз, алып-қашпа сөздерге еруіміз керек. Дәрігерлер біледі ғой.  Ал оразаға келсек,  ҚМДБ-ның пәтуасы бойынша вакцинация оразаны бұзбайды».

Карлос Лаоз Замарро, Алматы қаласындағы Қасиетті Троица Рим-католик епархиясының өкілі:

"Католиктік канондар бойынша екпе егуге ешқандай шектеу жоқ. Біз бұл мәселеде шіркеуге келушілердің таңдауына кедергі келтірмейміз: егер өзі қалап тұрса,  және ешқандай зиянды  көрсетілімдер болмаса – неге екпені алмасқа. Мен өзім екпеге сенемін. Осыдан  10 күн бұрын мен бірінші компонентті алдым. Енді екіншісінің уақытыны күтіп жүрмін және оны басшылыққа аламын. Қазақстанда ұйымдастырылған осындай мүмкіндікті пайдалану керек қой деп ойлаймын».

Тимур Чекпарбаев, "Алматы қаласының Бахаи қауымдастығы" жергілікті діни бірлестігінің өкілі":

«Барлық бахаилар екпеге халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастырудың өте қолайлы және дұрыс құралы ретінде қарайды. Біз ұстанатын өте маңызды принциптердің бірі – дін мен ғылымның үйлесімі. Бұл жағдайда екпе ғылымның жемісі. Екпенің айналасында көптеген мифтер мен қастандық теориялары бар. Бірақ бұл тұрғыда бізде айқындық бар. Біз алып-қашпа әңгімені, түрлі аңызды тыңдамай, медицинаға сенуіміз керек.  Әрине, дәрігерлердің талаптарын орындау керек. Бүгін мен қандай күйде екенімді, табиғи иммундық қорғанысым бар-жоғын білу үшін антиденелерді талдаудан өттім. Нәтижелер белгілі болғаннан кейін мен бұл мәселеге қайта ораламын. Егер бәрі жақсы болса,  екпе салдырамын және Қауымдастық мүшелеріне мұны істеуге кеңес беремін».

Алексей Кильдешев, "Евангелиялық" жаңа өмір "Христиан дінінің библиялық орталығы" жергілікті діни бірлестігі басшысының орынбасары":

«Қазір мен вакцинациялау кезегімді күтудемін. Жыл сайын  тұмауға қарсы екпе аламын. Бұлай істегеніме он жыл болды.  Менде бұл мәселе бойынша діни немесе ішкі қарсылық жоқ. Біз шақырылған мамандармен, соның ішінде құқық қорғаушы, медицина ғалымдарымен, сарапшылармен тақырыпты жан-жақты зерттедік және вакцинацияның маңыздылығы мен қажеттілігі туралы қорытынды жасадық. Біз шіркеуімізге келетін адамдардың  ауырғанын көрдік. Біз пасторлар ретінде олар үшін жауап береміз. Әрине, әр адам өзінің жеке пікіріне құқылы, бірақ біз адамдардың өмірін сақтап қалу мәселесінде мемлекеттің саясатын қолдаймыз және діндестерімізді осы мүмкіндікті пайдалануға белсенді түрде шақырамыз».

Виталий Пак, Алматы қаласындағы "Христианская Евангельская Пятидесятническая Церковь "Источник жизни" жергілікті діни бірлестігінің президенті":

«Шіркеудегілерге  мен былай деймін:  –  мен сізді вакцинациялауға немесе вакцинацияланбауға үгіттемеймін. Құдайға дұға етіңіз, ол сізге не айтса,  солай істеңіз. Дегенмен Алматыдағы жағдай ойлануға мәжбүр етеді. Шешім, әрине, әркімнің өз еркінде, өз ықтиярында. Меніңше, денсаулық мүмкіндік берсе, қарсы көрсетілімдер болмаса,  туыстарыма, жақындарыма індеттен қорғану үшін вакцинацияны ұсынамын. Өзім де екпе жасауға тәуекел етіп отырмын.

Алексей Лубошников, Алматы қаласы және Алматы облысы Евангелиялық христиан-баптистер шіркеулерінің аға пресвитері:

«Осы акция арқылы біз қалаға пандемияны жеңуге көмектесу үшін егу маңызды екенін жеке мысалмен көрсеткіміз келеді. Біз мәселені зерттедік және бұл сенімге ешқандай қатысы жоқ деген қорытындыға келдік. Біздің шіркеулеріміздің әрбір приходшысы медициналық жағдайда және айғақтар бойынша вакцинация мүмкіндігін пайдалануға құқылы. Құдай бізге осы пандемиядан тезірек өтіп, одан сау, мықты және мықты болып шығуға батасын берсін. Сенім кез-келген азаматқа көмектеседі. Қорқыныш пен дүрбелең тек иммунитетті басуға әкеледі. Баршаңызға береке мен денсаулық тілейміз!»

Барлық конфессиялардың діні мен сенімі әртүрлі болғанымен, денсаулықты күту мен індеттен сақтануда ғылымға сүйенетіні анық байқалды. Сондықтан ғылым мен дінді бөлектеп қарайтын соқыр сенімнен сақ болайық, сақтанайық!

 Еділ АНЫҚБАЙ