Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Сәтті жасалды: Қазақстанда құрсақішілік ота дамып келеді

Қазақстанда тағы да құрсақішілік үш ота жасалды, деп хабарлайды Paryz.kz, Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

Сәтті жасалды: Қазақстанда құрсақішілік ота дамып келеді
Сурет: stan.kz

Алматыдағы балалар кардиохирургиясы және перинатология орталығында құрсақтағы ұрыққа ота сәтті жүргізілді, бұл туа бітті болатын патологияны түзетуге септік етіп, сәбидің дүниеге дені сау болып келу мүмкіндігін арттырады.

Орталық дәрігерлері Минск республикалық ғылыми-тәжірибелік «Ана мен бала» орталығы феталды медицина бөлімшесінің меңгерушісімен бірге Алматы қаласы, Алматы және Ақмола облыстарынан келген үш жүкті әйелге ота жасады.

Отаны жасау аясында мына жұмыстар атқарылды: 
- Фето-фетальды трансфузия синдромынан (ФФТС) асқынатын көпұрықты жүктілік кезіндегі баланың жолдасы анастомозының лазерлі коагуляциясы. Бұл әдіс ұрықтар арасындағы тамырлардың патологиялық бірігуін жоюға септік етіп, соның арқасында қатты асқынудың алдын алады және егіздердің екеуінің де өмірін сақтайды. 
- Шарана сұйықтығы патологиясы болған жағдайдағы амниоредукция және амниоинфузия. Бұл процедуралар ұрықтың дамуына қолайлы жағдай туғыза және асқыну қаупін азайта отырып шарана сұйықтығы мөлшерін реттеуге көмектеседі. 
- Ұрықтың бүйрек патологиясы болғанда қуықты дренаждау. Бұл ота ұрықтың несеп айдау жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның дұрыс даму мүмкіндігін жақсарта отырып бүйрек жетіспеушілігі асқынуының алдын алады. 

Барлық оталар сәтті жасалды, науқастардың жағдайы дәл қазіргі сәтте тұрақты. Олардың жүктілік кезіндегі денсаулығын мамандар ұдайы бақылап, ұрықтың одан әрі дұрыс дамуын қамтамасыз етуде.

Бұл оталарды жасау денсаулық сақтау министрлігінің «Фетальды медицина» жобасының арқасында мүмкін болды. Енді қазақстандық әйелдер әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары технологиялы көмекті алып, дүниеге дені сау бала әкелу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Аталған жоба озық медициналық технологияларға қолжетімділікті ұлғайтуға және Қазақстандағы жүкті әйелдердің босанар алдындағы көмек деңгейін жақсартуға бағытталған, ол болашақ аналарға баласының денсаулығын өмірінің басынан бастап сақтауына мүмкіндік береді.