Медицина ғылымдарының докторы, профессор Арай Төлемісова ADAL Adam Youtube арнасына берген сұхбатында Корея мен Қазақстанның онкологиялық ауруларды емдеудегі айырмашылықты айтты.
«Онкологиямен ауырды дегендердің бәрі өмірмен қош айтыспайды. Түңілудің қажеті жоқ. Адамның психологиясын түзеу керек. Алла сынақты көтере алатын адамға береді. Сондықтан оған осындай сынақ берілген шығар. Бәрі өзінің осылай қабылдауына байланысты. Екіншіден, оны химия арқылы тоқтатып, ағзадан шығарып салатын жолы бар. Қазір онкологиялық аурумен ауырғандардың көбі шетелге емделуге барып жатыр. Емдеу протоколы барлық елде бірдей, Германияға барса да, Кореяға барса да, Түркияға барса да сол. Айырмашылығы дәрінің сапасында және оны дұрыс қабылдауда. Химия деген аты айтып тұр, ағзаға әсері болады. Біздікілер химияны бір сағатта, жарты күнде системамен ұрып жібереді. Организм шок болады. Кореяда системаны бір бойы жәйлап жібереді және науқас оны жүріп қабылдайды. Грамнан тамызып, үзіліс жасап тұрады. Содан жақсы нәтиже болады», - деді Арай Төлемісова.
Оның айтуынша, кореялық мамандардан үйренеріміз көп. Өзі жетекшілік ететін клиника Кореяның дәрігерлерімен тәжірибе алмасып келеді.
«Мен көп адамдарды Кореяға жіберіп жатырмын. Сол жақтың бір клиникасымен жұмыс істейміз. Тәжірибе алмасамыз. Қазақстанда онкологиямен ауырдым, өлдім деген адамдар Кореяға барып қаралғанда ондай аурумен ауырмаған болып шығады. Бұл мындағы анализдердің дұрыс болмағанын көрсетеді. Сол үшін мен лаборатория аштым. Кореяға өзімнің лабораториямда тексеріп жіберетін болдым. Корея менің лабораториямда тексерілген науқас болса, ары қарай сеніммен қабылдап, емдей береді», - деді ол.