"Олар мафия ғой, бірақ осыған бола өлтіріп тастамайтын шығар", - деп тұтқаны қоюға асыққан ол.
Анестезиолог-реаниматолог Ғабит Нұрханұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы Көпбейінді медициналық орталықтағы қызметінен негізсіз босатылғанын мәлімдегеннен кейін өзіне қоқан-лоққы көрсетілгенін хабарлады, деп жазды paryz.kz, qamshy.kz-ке сілтеме жасап.
Пандемия бойы әлеуметтік желіде вирустан сақтану жолдары туралы тұшымды ақпарат беріп, қоғамға ашықтығымен танылған Ғабит Нұрханұлы бұған дейін facebook-те дәрігерлік есепті қазақша бергені үшін орталық директорының инфекциялық аурулар бойынша орынбасары Татьяна Цечоева қыр соңына түсіп алғанын, ақырында "ротация жасаймыз" деп жұмыс графигіне қоспағанын жазған. Алайда көп ұзамай дәрігер жазбасы өшірілген. Қамшы тілшісімен сөйлескен Ғабит Нұрханұлы мұны "жазба қызу талқыланып, көпшілік көңіл аудара бастағанда, құқық қорғау органының қызметкерлері хабарласып, мәселені шу шығармай шешіп беретіндерін айтып, жазбаны өшіруді сұрады" деп түсіндірген. Артынша "Татьяна Цечоеваның туысы" делінген әріптесі Виталий Калина қоңырау шалып, "шулатуды тоқтатпаған жағдайда әңгіме басқаша болады" деп қоқан-лоққы көрсеткенін айтады. Дәрігер "Татьяна Цечоевамен арамыздың сууына о баста қазақша сөйлеуім себеп болды" деп санайды дәрігер.
Сондай-ақ ол Татьяна Цечоеваның "коронавирус госпиталінде адам ұзақ жұмыс істей алмайды. Қызыл аймақта көп жүрген маманға ротация жасалады немесе бір ай демалуы керек. Кейін жұмысқа кірісе алады. Мұны кез келген кәсіби кадр біледі" деген сөзін теріске шығарады.
"Ротация" деген сылтаумен ұнамаған адамын шығарып, орнына адам алады. Қайта қызыл аймақта көп жүрген адамда иммунитет қалыптасады. Егер жаңа адам алып келсе, ол ауырып қалуы мүмкін. Қыркүйек айынан бері бізде бірде-бір медик арасында ауру тіркелмеді. Бәрі істеп жүрген ескі бригада. Менің жұмыс бастағаныма 5 ай болды, ең соңғы келгендердің бірімін. Көбіне істеп жүргендерге 7-8 ай болған», - дейді Ғабит Нұрханұлы.
Дәрігер қызметінен босатылғаны туралы бұйрық жоқ екенін, бірақ жұмыс кестесіне де қоспай отырғаны айтады. "Олар графикке енгізілмегеніммен келіспей, өз еркіммен жұмыстан кеткенімді қалап отыр" деген маман қазір басқа жұмыс қарастырып жүргенін жеткізді. Сондай-ақ "кейде әділетсіздікпен алысып шаршағанша, шетелге кетіп, тыныш өмір сүйреймін бе" деген ой келетінін де жасырмады.
Қамшы тілшісімен сөйлескенде Ғабит Нұрханұлының даусынан қобалжу байқалған. "Айтқандарым өзіме кесірін тигізе ме деген үрей бар сияқты. Солай ма?" деген сауалға "олар мафия ғой, бірақ осыған бола өлтіріп тастамайтын шығар" деп тұтқаны қоюға асыққан. Дегенмен әңгіме соңында айтқандарын жариялауға келісіпті.
Ғабит Нұрханұлы есімдерін атаған Татьяна Цечоева телефон тұтқасын көтермесе, тілші қоңырауына жауап берген Виталий Калина пікір білдіруден бас тартқан. Ал Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов еңбек кодексі мен кәсіпорынның ұжымдық келісім-шарттарында қызметкерлерді бір орыннан екінші орынға ауыстыру бар норма екенін, соған сәйкес Ғабит Нұрханұлына реанимация бөліміне ауыстыратыны хабарланғанын жеткізді.
Сондай-ақ басқарма басшысы Ғабит Нұрханұлының "Татьяна Цечоева медицина орталығына туысқандарын жұмысқа орналастырғаны, жұмысқа қабылдау барысында тіл, дін, ұлт секілді ерекшеліктерге назар аударатыны" туралы айтқандарын жоққа шығарды. Оған қоса, Ғабит Нұрханұлы жеке басқа нұқсан келтірген немесе құқықты бұзғаны туралы нақты дәлелдер болған жағдайда, тиісті құзырлы органдарға жүгініп, оны дәлелдеуге құқылы екенін ескертті.