Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

"Ауруханалар жолатпайды": елордалық азамат әйелінің өмірі үшін күресіп келеді

Түркия дәрігерлері көмектесуге дайын. Ол үшін 40 мың доллар (шамамен 17 млн теңге) қажет...

"Ауруханалар жолатпайды": елордалық азамат әйелінің өмірі үшін күресіп келеді
фото: видеодан скриншот

Апат салдарынан елорда тұрғыны Самат Молдабековтің отбасы ауыр халге түсті. Ер адам төсекке таңылған мүгедек әйеліне қарап, кішкентай ұлын тәрбиелеп отыр. Жәбірленген әйелдің айығуға мүмкіндігі болғанымен, оны ауруханалар қабылдамайды, деп хабарлады paryz.kz, "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Самат Молдабеков бір күнде әйелі Әселдің күтушісіне айналған. Жантүршікерлік жол апаты бұл отбасына үлкен қайғы алып келді. 2020 жылы Самат тізгіндеген автокөлік Таразға апарар жолда "КамАЗ"-бен соқтығысады. Апат салдарынан ер адамның інісі және екі баласы оқиға орнында қаза тапқан. 

"Көзімді ашсам, артымда үлкен ұлым жатыр, басында қан жоқ. Көлікте әйелім жатыр. Ол менің арқа жағымда отырған еді. Ең кіші балам мен інім машинаның астында қалып кеткен. Жедел жәрдем ұзақ жүріп келді, себебі қаладан алыс еді. Балаларды шығарып, жол бойына жатқызды. Сол кезде мен олардың қаза тапқанын түсіндім", - деді Самат Молдабеков.

Саматтың әйелі аман қалған. Бір айдан астам уақыт Тараздағы, Нұр-Сұлтандағы ауруханада жатқан. Дәрігерлер әйелдің миының діңіне зақым келген деген қорытындыға келді. Қазір ол түтікпен дем алады. Кейде көзін ашады, бірақ қайтадан ұйықтап қалады.

"Қазір оны емдеу керек. Ауруханалардың ешқайсысы алмайды. Инемен емдейтіндерді үйге шақырамыз, емдік дене шынықтырумен айналысатындар күнде үйге келеді. Осы процедуралардан кейін ол тынышталады. Бірақ әлі 2-дәрежелі комада жатыр",- деді Самат Молдабеков.

Жол апатынан ғажайыптың күшімен Самат пен Әселдің 2 жарым жастағы ортаншы ұлы Арлан аман қалған. Бірақ бала апаттан кейін шу мен айқайдан қорқады екен. Танымайтын адамдарға жоламайды. Алайда әкесіне қолғанат болып жүреді.

"Ол мені қолдайды. Жылаған кезімде келіп, көзімнен жасымды сүртеді. "Жыламашы" дейді. Мен кейде орнымнан тұрғым келмейді. Жатамын, сол кезде жаныма келіп, "жаның қинала ма" деп сұрайды, мен "иә" деп жауап беремін", - деді ер адам.

Апатқа дейін Самат шаштараз болып жұмыс істеген, бірақ сүйікті ісін тастап кеткен. Үй шаруасына анасы көмектеседі. Ал достары қаржылық қолдау көрсетеді. 

Бірақ Ұлттық нейрохирургия орталығының қорытындылары ер адамның көңілін көншітпей тұр. Дәрігерлер оған көмектесе алмайтынын айтқан. Әйелге үйде емделген жөн екен. Дегенмен Түркия дәрігерлері көмектесуге дайын. Ол үшін 40 мың доллар (шамамен 17 млн теңге) қажет. Ал мұндай қаражат Молдабековтер отбасында жоқ.