Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Көзінен айырылған тараздық әйел дәрігерлерді кінәлап отыр

Ал ақ халаттылар мұнымен келіспейді. Олар науқасты жары соққыға жыққан деседі.

Көзінен айырылған тараздық әйел дәрігерлерді кінәлап отыр
фото: видеодан скриншот

Тараз қаласының тұрғыны емделемін деп көзінен айырылды. Патма Мақсұтова сол көзінің ағып кеткеніне ақ халаттыларды кінәлайды. Ал көз емдеу орталығындағылар кінәрат бізден кетпеді, ол жарының соққысынан көрмей қалған деп ақталып отыр, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Патма Мақсұтова ақ халаттылар өмірімнің тас-талқанын шығарды деп ашулы. Айтуынша, сол көзі бұлдырап, көру қабілеті нашарлап кеткеннен кейін көз емдейтін жеке клиникаға барыпты. Ондағылар тексеріп, құны 115 мың теңге болатын дәрі салуды ұсынған.

"Әйтпесе көзің мүлде көрмей қалады" деген соң келістім дейді келіншек. Дәрігерлер екпе салып, 10 күннен соң келесің деп үйіне жіберген. Алайда келесі күні таңертең жанарында қара дақ пайда болып, көзінен қоймалжың сұйықтық аға бастаған. Сосын бірден дәрігерлерге хабарласыпты.

"Көзімді көргенде дәрігерлер қатты қорқып кетті. Сосын жалғыз өзімді жеке палатаға жатқызып қойды. Мен олардың өз араларында инфекция деп жатқанын анық естідім. Мейірбикелер палатаны жиі тазалап отырды, ешкімді кіргізген жоқ. 28 күн ішінде көзіме 150-ге жуық дәрі салды", - дейді Патма Мақсұтова.

Мұнымен іс бетпеген, ауруханадан шыққан соң арада апта өтпей, Патманың сол көзі мүлде көрмей, ағып кеткен. Ол болған жайтқа емхана дәрігерлерін айыптап отыр. Ал ақ халаттылар мұнымен келіспейді. Олар науқасты жары соққыға жыққан деседі. Сондай-ақ, қант диабетімен ауыратыны да себеп болған деген болжамын қосты.  

"Бүкіл нұсқаулық берілген. Егер де қандай да бір арыз болса, бірден жүгіну керек. 9-нан 15-не дейін бұл жерге жүгінбеген. Бәрі жақсы жағдайда, ондай инъекциядан кейін олар 10 күннен соң жоспарлы тексеріске келеді. Ол жүгінбеген. Дәл сол алған соққыларынан болып тұр", - дейді Тараз қаласындағы көз емдеу орталығының бас дәрігері Бақыт Досжанова. 

Патма осы жағдайдан кейін адвокат жалдап, полицейлерге арыз түсірген. Осыдан соң бірнеше сараптамалар тағайындалыпты. Қазір тәуелсіз сарапшылар келеңсіздікке дәрі әсер етті ме, әлде қатты соққының салдары болды ма, соны анықтап жатыр.