Прямая трансляция

Астана

Астана

-15.03°C

"Көп проблеманың бірі": алматылық дөкейлер әкімнен көше сатып алуға көшкен бе?

Аудан әкімдігі болса, жалпы Алатау аумағы облыстан қалаға өткелі бері жер дауы дегеніңіздің өршіп, айдың-күннің аманында көшесінен айырылып қалып жатқандардың өршеленіп кеткенін айтады.

"Көп проблеманың бірі": алматылық дөкейлер әкімнен көше сатып алуға көшкен бе?
Фото google.com

Біздің билік 90-жылдары халықты нарықпен қарық қыламыз деп ауылдағы тісі де жоқ, егін-пегінмен ісі де жоқ комбайндарды, сол сияқты, желі шыққан доңғалағының қара жолды көрмегеніне қырық жыл болған тракторларды жергілікті жұртқа "жекешелендіріп" беріп еді ғой. "Ірі қате ұсақтан басталады" дегендей, сол кездегі "үрерге иті, сығарға биті жоқтардың" ауласына қараң қалған темір-терсекті үйіп-төге салған айналайын әкім-қараларымыз енді қалалық дөкейлерге тұтас көшені жекешелендіріп беруге көшкенге ұқсайды.

Иә, Алматыда шынымен бір көше сатылып кеткен. "Астана" телеарнасының хабарлауынша, енді Алатау ауданының 7 үйі жолсыз қалуы мүмкін екен. "Тұрғындар жергілікті билік пен құзырлы органдардан күдер үзген. Себебі, олар мәселені 1,5 жылдан бері шеше алмай келе жатыр", - деп салды, эфирде сызылып тұрған Nur Otan телеарнасының дикторы.

Кімнің алғаны белгісіз, әйтеуір, жүз метрлік көшені 1,5 жыл бұрын бір "жеке тұлға" иемденген көрінеді. Ол өзіне тиесілі жерді қоршап алатынын ескертіп, саусақ шошайтқан күннен-ақ сондағы тұрғындардың ұйқысы бұзылып, ұйқы-тұйқысы шыққан. Ал олардың ойбайын жергілікті билік пен құзырлы органдар бір-біріне естіртіп отырғаннан басқа түк те тындырмаған. Аудан әкімдігі болса, жалпы Алатау аумағы облыстан қалаға өткелі бері жер дауы дегеніңіздің өршіп, айдың-күннің аманында көшесінен айырылып қалып жатқандардың өршеленіп кеткенін айтады.

"Біз архитектура басқармасымен сөйлестік. Осы жылдың соңына дейін қызыл сызыққа енгізіп, оны Алматы қаласы өзіне алатын болады. Бұл Қарасай ауданынан бастап осындай болып келген. Жолдың бойына отырғызған, бізде ондай 4-5 мәселе бар. Бұл – Алатау ауданындағы өте көп проблеманың бірі", - деді телеарнаға берген жауабында Алатау ауданы әкімінің орынбасары Әділет Тоқтасынов.

Осы орайда, оның "Бұл Қарасай ауданынан бастап осындай болып келген" дегені түсінікті, ал "Жолдың бойына отырғызған, бізде ондай 4-5 мәселе бар" дегені не сөз? Көшені иеленген дөкей орта жолда сол жердің тұрғындарын "отырғызып" кеткен бе, әлде, сатып алған жеріне қалай болса солай тал-дарақ отырғыза берген бе? Әкім орынбасарының онымен не айтқысы келгені өзіне ғана мәлім, әйтеуір, бір анығы – "Бұл – Алатау ауданындағы өте көп проблеманың бірі"!

Ғали ТӨЛЕК