Прямая трансляция

Астана

Астана

-15.03°C

Елбасы тұсауын кескен әуежайды өз ұшағы неге "жатырқады"?

...Ашылған дүниелерінің бірден жанданып кетпей, тұралап тұрып қалатыны қызық. Егде асаба бетін ашқан келіннің ұятты болып шығатыны сияқты кәдімгі...

Елбасы тұсауын кескен әуежайды өз ұшағы неге "жатырқады"?
Фото google.com

Осы Түркістан облысының шенеуніктері тек көзбояушылықпен айналыса ма? Өйткені, өңірге елбасы барып, ылғи жаңадан бірдеңесін ашып беріп кетіп жүр ғой. Алайда, одан кейін әлгі ашылған дүниелерінің бірден жанданып кетпей, тұралап тұрып қалатыны қызық. Егде асаба бетін ашқан келіннің ұятты болып шығатыны сияқты кәдімгі.

Мысалы, Назарбаев Түркістандағы анау Гиннесс рекордтар кітабына еніп қарық болайын деп жатқан Hazret Sultan Airport атты алып әуежайдың ашылу салтанатына қатысты. Сол сәтте елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай: "Қаладан 20 шақырым жерде орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сай, заманауи технологиялардың көмегімен салынған", - деп сүйіншіледі. Тіпті, ол жаңа ғимараттың жылына 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсете алатыны да есептеліп қойған. Туристердің өзі 2,5 миллионға, 2030 жылға қарай 3,5 миллионға дейін жететін көрінеді. Керемет болжам! Бірақ, неге екенін қайдам, сол "халықаралық" деген аты бар әуежайға елбасының өз ұшағы қонбайды. Бұл ретте, Гиннеске әуежайды емес, оны "менсінбейтін" Назарбаевтың жеке ұшағын енгізіп жіберген дұрысырақ сияқты ма, қалай?

Айтпақшы, елбасы оған дейін Түркістан қаласына тартылып жатқан газдың да лентасын қиып, енді күйелеш-күйелеш боп от жағып жүрмейтін тұрғындарға "батасын беріп" кеткен. "Сонда жергілікті шенеуніктер қулық жасап, құбырға газ баллонын жалғап қойып, қатырған", - деседі, сол жақтағы құлағы түрік жүретін ағайын. Егер сол сыпсың рас боп шықса, сақалымен Нұрекеңнің өзі алданып отырған соң не оңдырсын, ол газы бақандай 2 жылдай уақыттан кейін бір-ақ тартылыпты. Оның өзінде халық әлі толық қамтылмағандарын айтып зар илеп жүр. 250 мыңнан астам тұрғыны бар, еліміздің тарихи-рухани ордасы сол газды жарты ғасырдан астам уақыт күтті десек, ұяттың көкесі емей немене, мына факт?!.

Аэропортқа елбасының ұшағы қонбаса, ол ашылу рәсімін жасаған газ жұртты түгел жылытып жарытпаса, сонда әкімдердің бәрін "для галочки" жасағаны емес пе бұл? Жалпы, елде талай лентасы қиылған кешендердің 30 жылдан бері тұсауы шала кесілген сәбидің сүріншек келетіні сияқты ақсап жатқаны осындай "показухалардың" салдары-ау?!.

Әуежай мен газ құбыры аз десеңіз, "елім деп еңіреген" елбасы сол Түркістанның стадионында да қайшы жалтылдатқан. Қызыл лента көрсе қырқ еткізіп тұратын әдетпен. "Түркістан-Арена" деп аталатын, 7 мың орындық ол алып стадион да қазір "моласындай бақысының, жалғыз қалдым, тап шыным" дегендей, қаңырап тұр. Содан бері онда қос әкім – Шөкеев пен Әйтеновтің командасы доп теуіп, су жаңа көгалына аунап-қунап алса болар еді. Өйтпеді. Жарайды, 7 мың орынға 3,5 мыңнан екі рудың жанкүйерлері отырып алып, трайбализмді өршітіп жіберер деп ыңғайсызданған шығар, бірақ, онда "қырық рудан құралған" мектеп командаларын ойнатуға не кедергі?

Әуежайды ашқан сәтте Нұрсұлтан Назарбаев: "Бұл – елге салған инвестиция, халыққа салған инвестиция. Елдің ризашылығына ие болыңыздар!" - деген-ді түркістандық әкімдерге. Демек, газды ішіне жел қарысқан жұрттың артынан емес, әрбір үйдің құбырынан табылатын ету керек қой. Сондай-ақ, қазақ та доп тебе алады, егер бір сәт алып стадионның жарығы жанса! Ал елбасы жасарып бара жатқан жоқ, Гиннесс рекордтар кітабына енгісі келсе, ырымдап болса да Hazret Sultan Airport әуежайына жеке ұшағының тұмсығын бір тірер...

Ерік ЕЛЕУСІЗ