Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

"Тоқсанның бірі – Тоқаев...": Imanbek өзін президенттің бірінші болып құттықтамағанын айтты

Оған "Енді "Грэмми" алған соң қалай тойлайсың?" деген де сұрақ қойылыпты. Жас қой әлі, "Үйге барып, қуырдақ жеймін" деген екен сонда сабазың. Міне, "қуырдақтың көкесін" ресейлік шоу барысында көрсетті енді...

"Тоқсанның бірі – Тоқаев...": Imanbek өзін президенттің бірінші болып құттықтамағанын айтты
фото: видеодан скриншот

Қазір ел аузынан музыкант Иманбек Зейкенов түспей тұр. Әсіресе, оның "Грэммиді" алғаннан кейін "Кешкі Ургант" шоуына берген сұхбаты әр ауыздан әртүрлі әңгіме болып өрбуде.

Мысалы желі белсендісі Ерқанат Тұрсынжанұлы Facebook-тегі парақшасына "Я не хочу врать, нет он не первый был дей ма?" деген өз әдетіне тән бір қыжыртпаны іле қойды. Сол бір ауыз мәтін ал кеп талқыланды дейсің әлгі жерде!..

"Ну, бекер айтты. Әлі сапталмаған. Жақсы, білімді продюсер керек сияқты ғой жанына. Өзін ұстауын үйрететін", - дейді мұғалім Тоғжан Бекболат.

Себебі, бағдарлама барысында тележүргізуші Иван Ургант Иманбектен "Грэммиді" алған сәтте қандай сезімде болғанын сұраған-ды.

"Грэммиді" алғаннан кейін ұйқтап қалдым. Себебі, Қазақстанда таң енді атып жатқан уақыт еді. Оянсам, 90-ға жуық қабылданбаған қоңырау тұр. Олардың арасында, мүмкін, еліміздің президенті де болған шығар. Таңертең Instagram лентасын қарап отырып, президенттің мені құттықтағаны жайлы жаңалықты оқып, қатты таңқалдым", - деді сонда қазақстандық жеңімпаз.

Сонда ғой, анау Урганттың "Мүмкін президент бірінші қоңырау шалған шығар?" деген сұрағына біздің музыкант баланың "Мен өтірік айтқым келмейді, жоқ, ол бірінші болған жоқ" дегені.

Иманбектің өз айтуынша, оған "Енді "Грэмми" алған соң қалай тойлайсың?" деген де сұрақ қойылыпты. Жас қой әлі, "Үйге барып, қуырдақ жеймін" деген екен сонда сабазың. Міне, "қуырдақтың көкесін" ресейлік шоу барысында көрсетті енді. Тоқаевты өзіне құттықтап қоңырау шалғандардың біріншісі емес, сол тоқсанның бірі ете салды, әншейін. Балалық қой.

Павлодар облысының металлургия өнеркәсібі орналасқан Ақсу ауылында туып, кейін теміржол саласында вагондардың дөңгелегін тексеріп, ес білгелі өңкей темір-терсектің дүңк-дүңк, тық-тық, тарс-тұрс дыбысынан "жанды музыка" естіп өскен туабітті ди-джей басқа не айтсын? Сөз өнерінің өкілі емес, "екі шоқып, бір қарап", әр жауабын есеппен беріп отыратын. Шындап келгенде, президент басымен миллионның бірін тоқсанның бірі болып құттықтаған Тоқаевқа да сол керек! Металлургия маңайынан Назарбаевтан кейін екінші адамның суырылып шыққанына қатты қуанып кетсе керек...

Айтпақшы, осы мақаланы жазуға себепші болған Ерқанат Тұрсынжанұлы "Мама продюсер енді "Иманбектің хит әні жоқ" деп қатырмаса болды" деген тағы бір пост жазды. Екі сөзінің бірінде Димашқа қарсы пікір білдіріп қалуды әдетке айналдырған Гүлзира Айдарбекованы айтқаны ғой. Ол да болмай қалмас, ә?..

Ерік ЕЛЕУСІЗ