Жазушы, әдебиет сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбек Adal Adal youtube арнасына берген сұхбатында Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, жазушы, қазақ әдебиетінің жанашыры Насыр Фазыловтың отбасына қалай үй алып бергенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Насыр Фазыловтың жалғыз баласы бизнеспен айналысқысы келген болу керек, банкке үйін тігіп, ақша алған. Кейін төлей алмағасын банк үйін тартып алып қойыпты. Ал ол асылып өліп қалыпты. Осыны естіген кезде жаман күй кештім. Насыр ағамыздың әйелі Мүбәрак жеңгей сіңлісінің үйіне кетіпті. Келіні үш баласымен әке-шешесінің шаңырағын паналапты. Адам аярлық жағдай ғой бұл. Насыр Фазылов деген қазақ әдебиетіне аудармашы болып араласқан, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қалмахан Әбдіқадіров, Мархабат Байғұт, Нәсреддин Сералиев, Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын аударған адам. Осындай жазушының отбасын масқара жағдайда қалдырғанымыз ұят емес пе?! Содан Түркістандағы өзбек ағайынмен ақылдастым, «өзбек пен қазақ руханиятына елеулі еңбек сіңірген жазушының отбасын қаңғытып қоймайық, үй әперейік, ақша қоса аласыңдар ма, мен қазақтың баласы болып бір өзбектің баласындай ақша қосайын» дедім. Бірі мақұл деді, бірі басқа деді. Тұрмыстары да әртүрлі ғой. Ешкімге сын таға алмаймыз.
Содан кейін маған ой мынадай ой келді. Өзбекстан президенті Шәукат Мирзеев менің достарыммен бірге оқыған институтта. Қазаққа көзқарасы дұрыс, руханиятқа жақсы қарайтын адам. Қазақстан Жазушылар одағының атынан әрекет етуге қақым бар ғой деп, Шәукат Мирзеевке хат жаздым. Тумасы қазақстандық, өзбек әдебиетінің классигінің өмірінің соңы, ұрпағының тағдыры неге быт-шыт болуы керек деп, солардың үйлі болуына, қайтадан бір шаңыраққа жиналуына ықпал етесіз бе деп жаздым. Әлде бізге, түркістандық жерлестеріне ақша жинап, Тәшкеннен үй әперуге рұқсат етесіз бе дедім.
Өзбек халқы намысшыл халық қой. Хатты Өзбекстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы әрі депутат Сражадин Саидовқа көрсетіп едім, төбе шашы тік тұрды. «Рас еді» деді. «Құлбек әкә, бұл хатты жыртыңыз, мен депутат ретінде Шәукат әкәға өзім түсіндіріп айтамын, үй әперемін» деді. «Құп» деп, кетіп қалдым. Насыр аға менің туған ағамдай, Мүбәрак жеңгей туған жеңгемдей болған адамдар, үйінде қанша рет болдым, менің үйімде де талай болды. Тәшкеннен кетерде жеңгей жылап қалды енді. Бірақ айт өткенде маған хабар келді. Өзбекстан президенті пәрмен берген болу керек, Мүбәрак жеңгейге Тәшкеннің қақ ортасынан екі бөлмелі үй әперіпті. Сөйтіп келіні мен немерелерін жанына жиып алды», - дейді жазушы-ғалым.
Сондай-ақ Құлбек Ергөбек Насыр Фазыловтың отбасына берген жаңа үйді Қазақстан өзбек диаспорасының өкілдері жиһазға толтырып бергенін айтты.