Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Хиджап пен сақал діндарлықтың көрсеткіші ма?

Өкінішке қарай, қазір кімнің оң, кімнің теріс жолда жүргенін ажырату қиын. Таңертең ғана мешіттен шыққан адамның түстен кейін ауыр қылмысқа барғанын талай рет естігенбіз. Қылмыс жасап, жазасын өтеп жатқан жастардың арасында да исламның парыздарын орындап жүргендері аз емес. Жастар діннің тек сыртқы формасын ғана қабылдап, негізгі міндеттеріне, философиясына үңіле бермейді. Яғни, жылына бір рет оразасын ұстап, күніне бес уақыт намазын оқиды да, жүрекпен иман келтіру мәселесіне мән бермейтін секілді. Жүрекпен иман келтірген адам ауыр қылмыс жасайды ма? Әрине жоқ. Құдайдан қорыққан адам қылмысты ауыр-жеңіл деп бөліп жармай, оны мүлдем дұрыс емес деп есептейді ғой?! Тиісінше, ондай қадамға бармайды да. Демек, біздегі проблема – дінді жастардың жетесіне жеткізіп түсіндіретін ғалымдардың, мамандардың аздығында. Ал, сол бос кеңістікті радикалды ағым өкілдері пайдаланып кетіп жатыр, деп жазады Paryz.kz.

Хиджап пен сақал діндарлықтың көрсеткіші ма?
Фото: pixabay.com

Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың (барлығының емес, басым көпшілігінің) діни білімінің төмендігін білу үшін арнайы зерттеу жүргізудің қажеті шамалы. Өйткені, жастар арасындағы діни әңгіме негізінен сақал қою дұрыс па, бұрыс па, хиджаб кию, балақ қысқарту, ақида ұстану төңірегінде ғана өрбиді. Ал, иман, адамгершілік, өзін тану, құдайды тану сынды тақырыптар қозғауға, зерттеуге көптің ілімі жете бермейді, қызығушылығы да аз.

Дін, діл, дәстүр – халқымыздың жаны мен жүрегі. Дін саласының мамандары да оны оқып, елдік ұсыныс-ойларды түртіп алып, әртүрлі деңгейдегі жиындарымызда насихаттап жатырмыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алғаш құрылған сәттен бастап қоғаммен етене жұмыс істеуді мақсат тұтты. Ата-бабамыздан бізге мұра асыл дінімізді қалай өркендетеміз, қалай халыққа жүйесімен жеткіземіз деген мақсатта маңызды жобаларды іске асырып келеміз. Мүфтият 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп белгіледі. Өйткені дін мен дәстүр – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінен ажырату дұрыс емес.

Дін мәселесіндегі келеңсіздіктерге келсек, өкінішке қарай, қоғамды алаңдатарлық сын-қатер баршылық. Айталық, 90-жылдары ата-баба сенімімен қуана қауышқан халқымыз дін десе, емешегі езіліп тұратын. Намаз оқимын деген адамға дереу жайнамазын ұсынып, тіпті таза сүлгісін беріп, құрмет көрсететін. Ал бүгінде намазханнан «Қай бағытты ұстанасың?» деп секемденіп сұрайтын халге жеттік.

Оның басты себебінің бірі – тәуелсіздік жылдары жұрттың әл-ауқатын көтереміз деп, рухани саланың саламаттылығын қолдан шығарып алдық. Тиісті бақылаудың жоқтығынан «діни білім аламыз» деген жастар Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия, т.б. мұсылман елдерінің қилы бағыттағы діни оқу орындарына талғаусыз түсіп, көптеп білім алып жатты. Өкінішке қарай, дін үйренемін деп шекара асқан сол жастарымыз бойындағы дәстүр құндылығын жоғалтып алды. Елге қайтқан соң, өздері оқыған жердің дінін ғана емес, жат мәдениетін де насихаттай бастады. Яғни, әрқайсысы түрлі мектептің өкілі болып оралды. Олар діннен сауатты болғанымен, дәстүрімізден бейхабар еді. Содан жат мәдениет пен салт-дәстүрді бізге тықпалауға көшті. Ал елдегі қарапайым жұртшылық шетелде оқыған деп солардың аузына қарап, уағызын бойларына дарытты. Салдарынан қоғамда діни дүрдараздық туындады.

Ең алдымен дін саласындағы мемлекеттік саясатқа келсек, оның негізгі басым бағытының бірі – адамның діни және наным-сенім бостандығына құқығын қамтамасыз ету әрі оған кепілдік беру. Кім неге сенеді, қалай сенеді, қандай ғибадаттар жасайды, қай дінді ұстанады – өз еркі, оған мемлекет те мәжбүрлемейді.

Екіншіден, осыдан келіп туындайтын салиқалы саясат – адамдардың және діни ұйымдардың арасында наным-сенімге қатысты өзара құрмет пен төзімділік қатынасын орнату. Бұл – діни сарындағы түрлі алауыздық пен араздықтың, тіпті діни экстремизмнің алдын алудың негізі. Сондықтан мемлекетіміздің дін саласындағы ең маңызды міндеттің бірі – ешуақытта діни негізде жеккөрушілік пен төз­беушілікті тудыратын іс-әрекеттерге жол бермеу. Үшінші бағыт – мемлекеттік құрылымның және мемлекеттік басқарудың зайырлы қағидаттарын сақтау. Төртінші бағыт – еліміздегі діни бірлестіктердің арасында дінаралық және конфессияаралық диалог пен келісімді нығайту. Діни бірлестіктердің және миссионерлердің қызметін мемлекеттік реттеу. Қазір бізде 18 конфессияны құрайтын 4 мыңға жуық діни бірлестік бар. Бесінші бағыт – дін саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу.

Ұлттық халық санағында азаматтарымызға қандай дінді ұстанатыны немесе ұстанбайтыны туралы сұрақ қойылады. 2009 жылғы санақта осы сұраққа жауап беруден бас тартқан, яғни өзінің дінін, наным-сенімін көрсеткісі келмегендердің қатары 81 мың адамды құраған еді. Ал 2021 жылғы санақта олардың қатары 2,1 млн адам болды, яғни 26 есе өскен. Айта кетерлігі, сол азаматтарымыздың 1,7 миллионға жуығы – қазақ. Ықылым заманнан бүгінге дейін «әлімсақтан бері мұсылманмын» деп есептеп келген қазақ енді өзін ислам дінімен байланыстырғысы келмейді. Мұның себебі неде? Біз оны тереңнен зерттеп, тиісті шараларды қабылдауымыз қажет, бұл – мемлекетіміздің басты мүддесінің бірі.

Сарапшылардың пайымдауынша, бұл жерде геосаяси мүдделердің әрекеті көрініс тауып отыр. Еліміздің түркі-мұсылмандық өркениетке кіретіні, қазақ халқының басым бөлігі өзін «мұсылманмын» деп есептеуі теріс күштерге ұнамайтын сияқты. Сондықтан қазаққа дәстүрлі дінін қорқынышты етіп көрсету жұмыстары жүріп жатыр. «Қазақ ешуақытта шынайы мұсылман болмаған» немесе «мұсылмандықтың зияны көп» дегенді айтатын жаңа қозғалыстар пайда болып, қоғамда белең алуы – осы астарлы саясаттың көрінісі.

Діндарлық пен имандылық ұғымдары кейде бір-біріне мазмұндас, мағыналас болғанымен, түпкі мәндері үйлесе бермейді. «Ислам» энциклопедиялық анықтамалығында «имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі» делінеді. Діндар адамдардың барлығы иманды емес, бірақ иманды адамдардың барлығы діндар. Діндар адам іздену нәтижесінде барып имандылыққа қол жеткізеді. Өмірде адам талай азғырып әкететін әзәзілдің күштерінен, арбап-алдаудан, күнәдан, шарықтап өсу мен жеңілуден, өмірдің қатал сынынан өтеді. Осы қайғылы да қуанышты кезеңдерінде биік адамгершілікте болу, имандылықты сақтау зайырлы қоғамда жоғары діндарлықтың жалпы өлшемі болады.