Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Тоқаев сайлау алдында "тізесі шыққан" тіл, жер мәселесін тағы көтере қойды

Ал халықты "жанды жері" болып саналатын осы үш тақырыппен алдаусыратып отырмыз деп ойлау – "ұйқысы қанбаған" депутаттар мен "мінберде міңгірлеген" министрлер демей-ақ қояйын, білдей бір президент үшін масқараның көкесі!

Тоқаев сайлау алдында "тізесі шыққан" тіл, жер мәселесін тағы көтере қойды
фото: akorda.kz

Қазір президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Egemen Qazaqstan" газетіне жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" деп қарапайым тақырып қоя салған мақаласы Жаңа жылдағы демалыстан кейін не жазарларын білмей отырған БАҚ өкілдеріне жақсы болды. Бір мақаладан бірнеше ақпарат "тудырып" отыр. Айтпағымыз бұл емес...

Сол мақалада Тоқаев "Жер шетелдіктерге сатылмайды", "Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы" деген айта-айта ақжем, жаза-жаза жауыр болған, сол жаттанды сөзді президенттің аузынан естуге сәби де ұялатын жағдайға жеткен "әләуләйына" қайта басқан. Құдай-ау, сайлау сынды саяси науқандар барысында осы бір айналдырған тіл, дін, жер мәселесін көтергенсымақ бола қоюдан біздің билік қалай қымсынбайды?! 30 жыл бойы Назарбаевтың аузынан түспей келіп, енді Тоқаевтың аузымен жалғасын тапқаннан сол үш мәселе енді шешіле қояйын деп жатыр ма?..

Мысалы, "Тәуелсіздікке қол жеткізілген күннен бастап ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайдың жасалғанын" алға тартқан мәртебелі мемлекет басшымыз одан әрі: "Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты", - дейді.

Ауылдан келген бізден басқа кім сөйлеп жүр екен ал? Өзінің айналасындағы "ел ағаларының" қайсысына керек бола қалыпты сол тіл? Ассамблеяның бессандырақ мүшесінің аузынан естігеніне мәз болып жүрмесе, қазір Қазақстан қалаларында есік алдындағы дүкеннен бір бөлке нанды қазақша сұрап ала алмайсың ғой! Іс-қағаздары мен кеңсеішілік қарым-қатынас тілі - Ресейдің мемлекеттік тілі екенін елбасы мен президент білмей ме, әлде, әдейі істей ме?!

Бұл ретте, ол "ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе, орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз еместігін" де атап өтуді ұмытқан жоқ, әрине. Сол баяғы жалбақайлық!

Қысқасы, қара да тұрыңдар, ертең мына сайлаулары аяқталған соң, сенің тіліңнің де, дініңнің де, жеріңнің де билік басындағылардың "көзірі" болудан қалатыны анық. Ал халықты "жанды жері" болып саналатын осы үш тақырыппен алдаусыратып отырмыз деп ойлау – "ұйқысы қанбаған" депутаттар мен "мінберде міңгірлеген" министрлер демей-ақ қояйын, білдей бір президент үшін масқараның көкесі! Бұл қасындағы қаптаған кеңесшілеріне құлаққағыс болсын...

Ерік ЕЛЕУСІЗ