Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Егемен Қазақстан" Зейнеп Ахметовадан 1,4 млн сұраған көрінеді (ВИДЕО)

"Газеттің онысы несі екен? Күн сайын ана кісінің алдына баратын санаулы басылымның бірі дегенді естіп ем кезінде. Сол үшін бәрі төлеуге "жанталаса" ма?" - деді Нұрбек Түсіпхан.

"Егемен Қазақстан" Зейнеп Ахметовадан 1,4 млн сұраған көрінеді (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Журналист Ораз Әлімбеков Facebook-тегі парақшасына түркістандық балабақша тәрбиешісінің президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен араша сұрап жасаған видеүндеуін жариялады. Тәрбиешінің айтуынша, Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Сазтөбе ауылында "Қарлығаш" балабақшасының әдіскері қарамағындағы қызметкерлерін мерзімді баспасөзге жазылуға мәжбүрлеп отыр екен, деп жазды paryz.kz.

Видео авторы өзінің 2009 жылдан бері "Қарлығаш" балабақшасында тәрбиеші болып қызмет атқарып келе жатқанын айтады.

"Алатыным - 102 мың теңге айлық. Оның 50 пайызы несиеге кетеді. Қалған 50 мыңды күнкөріске жұмсап отырмын. Өзім жалғызбасты анамын. Газетке жазылуға жағдайым жоқ екенін облыстық білім басқармасындағыларға хабарлап айтқаным үшін әдіскер мені «арамызда адам емес, екі аяқты сатқын бар екен» деп барлық әріптестеріме масқаралап, мені малға теңеді", - деп зареңіреп отыр ол.

Ал әріптесіміз Ораз Әлімбеков оларға мәжбүрлі түрде жаздыртатын басылымның бірі еліміздің бас газеті екеніне сенімді.

"Егемен Қазақстан" және әкімдіктің газеттері "ақшам жоқ, баспасөзге жазыла алмаймын" деп жылап отырған жалғызбасты ананың көз жасының бір тамшысына татымайды ғой. Мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерін газетке күштеп жаздыру қашан тыйылады?! Мынау бейшара әйелдің обалы кімге?" - деп дабыл қақты ол.

Осы орайда жазба астына пікір қалдырған белгілі журналистердің бірі Айгүл Болатханқызы:

"Зейнеп Ахметованың 8 беттік мақаласына 1 400 000 теңге сұраған, еще Зейнеп апа болған соң жеңілдік жасалды деген газет қой", - деді "Егемен Қазақстанды".

Бұл жайт келесі әріптесіміз Нұрбек Түсіпханды да бейжай қалдырмады.

"Сонша ақша сұрағанына қарағанда, сол газетке ақша беріп мақала шығаратындар аз болмағаны ғой. Газеттің онысы несі екен? Күн сайын ана кісінің алдына баратын санаулы басылымның бірі дегенді естіп ем кезінде. Сол үшін бәрі төлеуге "жанталаса" ма?" - деп "басын шайқады" ол.

Өзге желі қолданушылар болса, қоластындағы мамандарын еркінен тыс қинаған балабақша басшысын орнынан босату керек деген пікірде.

 

Ал мәжбүрліктен меселі қайтқан шарасыз әйелдің видеоүндеуіне БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ресми жауап берді.

"Аталған мәселе бойынша Түркістан облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті әкімшілік іс бастады. Іс материалдарын 2020 жылдың 28 желтоқсанында қарау туралы «Қарлығаш» балабақшасының басшысына хабарлама жіберілді. Балабақша тәрбиешісі А. Бүрлібаева көрсеткен фактілер расталған жағдайда лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қолданылатын болады. Сонымен қатар, бұл мәселені қарау Түлкібас ауданы білім бөлімінің Педагогикалық этика жөніндегі кеңестің отырысына енгізілді.

Қосымша айтарымыз, мерзімді басылымдарға жазылу - мұғалімдердің өз еркінде. Жазылуға мәжбүрлеуге мүлдем тыйым салынады. Бұл ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Егер бір жыл ішінде қайта жасалған болса, 20-дан 120-ға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Педагогтардың құқықтары бұзылған жағдайда Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық органдарына хабарласыңыз", - делінген хабарламада.