Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Әлі ерте!». Қызылжар атауына қарсы шыққандар

Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылатын болған соң қызылжарлықтар да түп көтерілді. Перопавлдың тарихи атауын қайтара алмай жүрген жұрт Тоқаевтың «Еститін үкіметі» зарымызды естіп қалар деген шығар. Әзірше «Еститін үкімет» солтүстіктегі жарылардай болған сыздауыққа   бейқам қарап отыр. Оларға түстіктегі қараорман қазақтың жанайқайынан гөрі іргедегі орман жұртының  қас-қабағы маңызды секілді. Бұл туралы malim.kz порталы жазды.  

«Әлі ерте!». Қызылжар атауына қарсы шыққандар
фото: malim.kz

Ұрыста тұрыс жоқ. Қазір солтүстіктегі қаламыздың атауы өзгерсін деген ұранмен онлайн петиция өтіп жатыр. Бұл ұсынысты қолдап-қуаттағандардың саны 13 мыңнан асты. Петиция мәтінінде шаһар атына қатысты нақты анықтама да берілген.  

«Қызылжар көп қазаққа арман дерсің, Керейде Толыбай сыншы туын тігіп, Атыңды «Қызылжар» деп бабам қойған» деген өлең шумақтары бар. Ал Толыбай сыншы – ХVІІ ғасырда өмір сүрген адам. Бертінірек Қызылжар қонысын Атығайдың Дәулетәлі деген байы мекен еткенін Сәбит Мұқанов жазды. «Әулие Петр» (Петропавлдың алғашқы атауы) қорғаны болса, тек ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында салына бастап, 1770 жылы ғана аяқталған. Сол себепті, бұл жерде жер атауы болмаған деген шындыққа жанаспайды», - деп жазылған.  

Халықтың дүрлігуінен сескенген қала әкімі Болат Жұмабеков күні кеше дат айтқан көпке  жауап қатты. Қала атауын өзгерту мәселесі қала әкімдігінің күн тәртібінде жоқ екен.

«Бұл мәселе туындаған күннің өзінде оны қарау еліміздің ономастика саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қала тұрғындарының пікірін ескере отырып жүзеге асады» деп созбұйдаға салды ол. 

«Үйдей бәледен» үрейленсе керек, Жұмабеков анталаған елдің алдына Тоқаевтың жолдауын көлденең тастады. Президенттің тапсырмасынсыз қозғалмайтын ол «Жаңа Қазақстанда біз «көзқарасы әртүрлі, ұлты бір» деген қағиданы ұстануымыз керек» деп ат тонын ала қашты. Халықпен ашық сөйлесудан алшақ шенеунік диалог пен ымыраға келу үшін жоғары мәдениет керек деп аяқасты әдепке шақыра қалған. Оның ойынша, ұлттың жоғын жоқтау, тарихи әділдік сұрау мәдениетсіздік сияқты.  Кейінгі кездері орын алып отырған түрлі бұлғақтарға осындай «алыстан сыйласу» себепкер екенін біле ме екен олар?!

 Жә, Қызылжар атауын қайтару мәселесі бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ.  2010 жыл. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлейменов Петропавл қаласының тарихи атауын қайтару туралы Премьер-Министрге сауал жолдаған еді.  Сүлейменовтің бастамасына 30 депутат қолдау білдірген.  Сүлейменов ұсынысында халықтың талай жылғы арман-арзуын жеткізіп, нақты тарихи деректер келтірген. Мысалы, әйгілі «Елім-ай»дастанымен мәлім Қожаберген жырау осы аймақ жайында «Қызылжар» өлеңін жазған. Сол жырда «Көлденең көк Есілдің жарқабағын, Әкеміз Қызылжар деп атап кеткен...» деген жолдар бар. Абылай ханның мұрындық болуымен өткен даңқты «Қызылжар жәрмеңкесін» қайда қоямыз? Экс-депутат бұлтартпайтын дәлел келтірген-ді.  «1925 жылы Компартияның бас басылымы – «Правдада» Петропавлдың Қызылжар болып өзгергені жайында хабар жарияланады. Себебі сол жылдың 18 шілдесінде Ақмола губерниялық атқару комитетінің төралқасы Петропавлды «Қызылжар» деп атау жөнінде шешім қабылдайды. Мұны Қазақстан Республикасының Орталық атқару комитеті бекітеді». 

Бұл ұсыныс шешімін тауып кетуге шақ қалған. Алайда, депутат Тасбай Симамбаев өз туған жерінің Қызылжар атануына қарадай қарсы шықты. 

Көлеңкесінен қорқатын депутат «қаланы Қызылжар деп өзгертетін болсақ, бұл өңірдегі орыс тұрғындар «жаппай көшеміз» деп дүрлігіп жатыр, қала тұрғындары жаппай қарсы шығатын болды» деп ұсынысты қабылдаттырмай тастаған еді. Оның теріс пиғылын  өзге депутаттар қолдай кетіп, қазақтың бұлқынған рухын жаныштап тастаған-ды. Қағынан жеріген Симамбаев Қызылжар атауын сұрау «буынсыз жерге пышақ ұру» дегенге дейін барды. Ақыры «ұлттар татулығын көксеген» Парламент бұл мәселені жабық қазан күйінде қалдырғаны есте.

 Қала  атын өзгертуге бұқара жаппай құлшынысты болғанымен, халық атынан сөйлейтін шенуніктер бұра тартқан жағдайлар аз емес. Солардың бірі - Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Самат Ескендіров.  Ол жергілікті халық тарапынан ешқандай сұраныс жоқ деп көпшіліктің аузына құм құйған-ды. Ескендіров астық тасымалында Ресейге тәуелдіміз дей отырып, тәуелсіз елде тәуменді екенімізді тағы бір еске салған.  Осылайша туған жерінің туын табан астында жығып бере салғанын көз көрді.   

Петропавлдың атын өзгертпей тоқтамайтынын халық дүркін-дүркін көрсетіп келеді.  Облыстың қазіргі әкімі Құмар Ақсақалов тағайындалғанда жергілікті жұрт қуанысып қалған. Қазақылықтың реңкі сезілмейтін облыс Қызылжар атанып, тарихи әділеттілікке қол жеткізеді-ау деп. Алайда, ел сенген Ақсақаловтың да күн тәртібінде облыс атын ауыстыру жоқ болып шықты. «Менің ойымша, оған әлі ерте» деп сиырқұйымшықтата жауап бергенін көрдік.  

Қызылжар туралы мәселе көтерілсе болды әкім қаралар «әлі ертеден» аспайды. Ерте деп жүргенде  ерте күнді кеш қылып алғанымызды сезбейтін сияқтымыз.  Тек аты аталған шенеуніктер ғана емес, жоғары билік те отыз жыл үнсіздік танытып келді. Жаңа Қазақстан құру бастамасы да осы ескі атауларды жаңартудан басталмас па еді?! Әлде, оған да әлі ерте ме?