Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Желтоқсан көтерілісіне арналған алғашқы әннің тарихын білесіз бе?

Ал 1991 жылы Дінмұхаммед Қонаев Түркістанға зиярат етуге барған сапарында Лесбек Амановты арнайы алдыртып, танысқан екен. Бір әннің қос авторы – ақын мен композитор болса, ән шыққаннан 5 жылдан кейін, яғни 1993 жылы ғана кездесіпті...

Желтоқсан көтерілісіне арналған алғашқы әннің тарихын білесіз бе?
фото: ашық дереккөз

Бүгін – Тәуелсіздік күні мерекесі! Дұрысы, 1986 жылғы қанды көтерілісті аза тұтатын күн. Ал көптің көңілінен өшіп бара жатқан сол бір зар-зауалды 90-2000-жылдары дүниеге келген ұрпақтың қаперіне салу мүмкін емес сияқты. Олар кейінгі Колбин тұрмақ, ата-бабаларының Ленин, Сталин деген тирандардың езгісінде болғанын білмейді. Жастар ғана емес-ау, қазіргі аға буынның да жетісіп тұрғаны шамалы екен...

Youtube арнасына осыдан 5 жыл бұрын жүктелген "Сіз білмейтін бір сыр бар..." бағдарламасын көрдік. 1987 жылғы "Қарабауыр қасқалдақ" әніне арналған шығарылым екен. Сонда көшеде тоқтатылған қазақтың жасы да, жасамысы да Желтоқсан көтерілісіне арнап шығарылған алғашқы, бірегей әнді және оның авторларын білмей тұр. Енді есте жүруі үшін айта кетейік, "Қарабауыр қасқалдақ" әнінің сөзін белгілі ақын Есенғали Раушанов, ал әнін шардаралық композитор Лесбек Аманов жазған.

"...Қарап отырсам, "Жұлдыз" журналына Есенғали Раушановтың 5-6 өлеңі жарияланған екен. Жалпы, Есенғалидың өте мықты ақын екенін бұрыннан білемін. Соның ішінде мынау "Қарабауыр қасқалдақ" деген өлеңі бар екен. Соған есім кете берді. Қайта-қайта оқимын. Қасымдағы домбыраны алдым да, "Әй, мынаның бір айтатын ойы бар. Өзі бір мұңды. Әлде, патриоттық сезімі бар ма... Мынауың керемет өлең екен!" деп, бірден шырқап жібердім ғой", - дейді Лесбек Аманов бағдарлама барысында.

Сол сәтте ол әннің саяси астармен жазылғаны Қазақстан КП ОК-нің 1-хатшысы Геннадий Колбиннің де құлағына жеткен екен. Содан ол әннің сөзін жазған ақын Есенғали Раушановты дереу шақыртып алады.

"Содан Есенғали Раушанов "Геннадий Васильевич, бұл әннің ішінде ешқандай адамның аты жоқ. Біздің Арал жойылып бара жатыр. Бұл жерде сондағы құстар айтылған. Онда қасқалдақ деген құс бар. Мен ол өлеңді экологияға арнап жазғанмын" деп құтылдым дейді", - деп еске алды Лесбек Аманов.

Ал Колбин "Ооо, хорошая песня! Еще раз напиши!" деген көрінеді. Осылайша, ақын бір қатерден өзінің тапқырлығымен құтылған. Бірақ, қауіп бұлты онымен сейілмей, кейін Есенғали Раушанов Шардарадағы композиторға телефон шалып: "Заман құбылып тұр. Ертеңгі күннің не болары белгісіз...", - деген. Оны естіген Лесбек Аманов Қызылқұмның қойнауына сіңіп, мал бағып кетіпті.

Өкінішке қарай, "Қарабауыр қасқалдақ" әнінің мағынасын сол кездің өзінде біраз адам түсінбеген. Жаңа стилдегі ән болғандықтан, жастар арасында кең тарап, оған той-жиындарда жаппай билеу етек алып кеткен. Сонда газет-журналдарда журналистер мен зиялы қауым өкілдері "Ол әнге билеуге болмайды. Халықтың рухын көтерген нағыз патриоттық әнге билеу – кешегі Желтоқсан көтерілісінде құрбан болған жастардың қанының үстіне билеу" мағынасындағы мақалалар жазды.

Содан кейін бұл ән көбіне 16 желтоқсан қарсаңында шырқалатын болған-ды. Ал 1991 жылы Дінмұхаммед Қонаев Түркістанға зиярат етуге барған сапарында Лесбек Амановты арнайы алдыртып, танысқан екен. Бір әннің қос авторы – ақын мен композитор болса, ән шыққаннан 5 жылдан кейін, яғни 1993 жылы ғана кездесіпті. Оның өзінде Есенғали Раушанов Лесбек Амановты Алматыға шақыртып алған...

Композитор қазір Шымкенттегі Халық шығармашылығы орталығында жұмыс істейді. Бүгінде оның 300-ге жуық әні бар. Көпшілігі халық әні болып кеткен. "Оралыңның барында ойна да күл", "Біздер де ғашық болғанбыз", "Әйелдер-ай, қандайсың?!" сынды танымал әндер де сол кісінің жүрегінен шыққан.

Ең сорақысы, Колбиннің өзі мойындаған патриоттық "Қарабауыр қасқалдақ" әнімен қатар, Желтоқсан көтерілісіне арнап ақын Әбдірахман Асылбек пен композитор Әбиірбек Тінәлі жазған одан кейінгі екінші ән "Желтоқсан желі" тәуелсіздік алған 90-жылдардан бастап эфирге шықпай қалды. Нақты айтқанда, қазіргі қазақ билігі өкілдерінің осы қос әннің шырқалуынан қарадай "зәрелері ұшады". Енді "Елу жылда ел - жаңа" дегенді ескерсек, "Қарабауыр қасқалдақ", "Желтоқсан желі" әндері мен режиссер Қалдыбай Әбеновтің "Аллажар" фильмінің тарихтағы әділ бағасы кейін берілетіні анық. Себебі, "Желтоқсан желі - жаңғырық"!

Ерік ЕЛЕУСІЗ