Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Қайғыдан қаржы cауу әдетінен арылған жөн»: Журналист Түркияға киіз үйге ақша жинап жатқандарды сынады

Белгілі журналист Еркеғали Бейсенов Түркияға киіз үйге ақша жинап жатқандарды сынға алды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.

«Қайғыдан қаржы cауу әдетінен арылған жөн»: Журналист Түркияға киіз үйге ақша жинап жатқандарды сынады
коллаж: paryz.kz

Оның айтуынша, төтенше жағдайға баспана емес, көп кісілік палаткалар тиімді.

"Түркияға киіз үй жіберейік" деп ақша жинап жатқан жігіттерге таңғалдым. Киіз үй деген баспана ғой, жігіттер! Оны төтенше жағдай үшін жинап, палатка деңгейіне түсіріп жіберуге әсте болмайды! Біріншіден, төтенше жағдайға баспана емес, көп кісілік палаткалар арналған. Екіншіден, 3 млн теңге тұратын бір киіз үйдің орнына 600 мың теңгеге 20 адамдық бір палатка алған әлдеқайда тиімді. Тасымалдауға да оңай. Сонда түрік ағайындарға апаратын уақытша пананың саны жағынан да ұтасыңдар.

Ал "3 млн теңге - тым қымбат!" деп ойбайлап жатқандарға айтарым, киіз үй сүйегінің ағашы, оларды жымдастыратын қайыс, сыртқы киізін басу, арқанын есу... бәрі - қолөнер өнімі. Оны жасау оңай емес! Құны шебердің еңбегіне татиды. "Жұрт айтса болды, көп айтса көндім" пиғылымен көшке орта жолдан қосылып, бос байбаламдай беруді қою керек!", - деп жазды Еркеғали Бейсенов.

Оның айтуынша, киіз үйдің сүйегі өте ауыр. Оның 100 данасын әрі-бері тасымалдап жүру оңай емес.

"Киіз үй ме, күрке (палатка) ме деп қоймадыңыздар ғой тәйірі! Айтайын...
Киіз үйдің сүйегі өте ауыр. Оның 100 данасын әрі-бері тасымалдап жүруді ойлаңыз... Ал Қазақстаннан барғанын айғақтап, қазақылықтың иісі шығып тұрсын деп ойласаңыздар, 12 қанатты 10 киіз үй мен 90 палатка жинауға болады.

Бірақ дәл қазір апатты аймақтарға тамақ, киім сияқты дүниелер қажет. Уақытша паналар жеткілікті ендігі.
Сосын мемлекет 1 млн доллар аударып, 100 құтқарушы жіберген. Сондықтан әр блогер мен әнші аяқасты белсеніп шыға келіп, әркімнен тиын-тебен жинап, "өртке бас-сирақ үйтіп алуға"  тыраштанбай-ақ қойса да болады. Қайғыдан қаржы сауу әдетінен арылған жөн", - деді ол.