Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

"У ішсең – руыңмен": Айсұлтан Назарбаевтың Отырарға жерленуі мүмкін бе?

Өмірзақ Әметұлының (Әлиев) алғашқы ағаш белгісінде "Назарбаев Айсұлтан Рахатұлы, 26.08.1990-15.08.2020" деген жазуы бар жаңа қабірдің басында тұрған суреті пайда болды...

"У ішсең – руыңмен": Айсұлтан Назарбаевтың Отырарға жерленуі мүмкін бе?
фото: дереккөз

Таяуда ғана Financial Times газеті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаевтың кокаинді мөлшерден тыс тұтынғаннан көз жұмғанын жазған еді. Бірақ, оның қайда жерленгені әлі құпия, деп хабарлады paryz.kz.

Financial Times-тың жазуынша, Лондон тарапы Айсұлтан Назарбаевтың көз жұмуына байланысты тергеуді келесі жылы жүргізбек. Ал әзірге елшілер де елбасы жиенінің қайда жерленгені туралы ақпарат беруден бас тартып отыр екен.

Шын мәнінде, оның сүйегі қайда жерленгенін тұрған жеріндегі шетелдіктер тұрмақ, туған жеріндегі өзіміз де білмейміз ғой. Ол жағын туыстарының не үшін жасыратыны да түсініксіз. Orda.kz сайтының жазуынша, Айсұлтан Назарбаев Кеңсайға жерленді деген болжам бар. Бір анығы, оның қайтыс болғаны туралы хабар тарасымен, Кеңсай зиратының қақпасы келушілер үшін тарс жабылған. "Басты себеп – санитарлық жұмыстардың жүргізілуі" деп хабарланды.

"Ал зират қайта ашылғанда келушілер Тимур Құлыбаевтың анасы Раиса Құлыбаеваның моласы жанында тағы бір жаңа мола пайда болғанын байқады. Жорамалшылардың айтуы бойынша, бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі жерленген мола болуы мүмкін. Қазір Раиса Құлыбаевадан басқа, бұл шығыстағы ең биік жотаның оңтүстігінде бірнеше мола пайда болған. Болжам бойынша, сол жақ шеттегісі – Айсұлтан Назарбаев жерленген мола" деп жазды Orda.kz.

Сайт тілшілері Кеңсай зиратына арнайы барып та көрген. Алайда Раиса Құлыбаеваның моласы мен Айсұлтан Назарбаевтың болжамды моласына жақындаудың сәті түспепті. "Қазір ол жерде мемориалды кешенді құрылыс жұмыстары жүріп жатыр" деген желеумен мазардың төңірегі күзетіліп, барлық жер бейнебақылауға алынған екен.

"Ал ORDA. редакциясының "Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Кеңсайға жерленгені рас па?" деген ресми сауалына Медеу аудандық әкімдігі "бұл біздің құзырымызға жатпайтын мәселе" деген жауап қайтарды. "Жерлеу рәсімдері" арнаулы комбинатының директоры Мэлс Толысбаев та мекеменің ішкі тәртібіне сүйене отырып, "мұндай ақпаратты тек жақын туыстары ғана білуі тиіс", - деген жалтарма жауап берді» деп жазылған аталған сайтта.

Сондай-ақ, Nege.kz сайтының жазуынша, Айсұлтан қайтыс болған күні Кеңсай-2 зиратының Мұхтар Әлиев, Қажымхан Мәсімов, Батырхан Шүкенов сияқты белгілі азаматтар жерленген оңтүстік жағы ерекше қарбалас болған.

"Су таситын көлікпен жолды жуып, көлденең тұрған көліктерді қуып жатыр. Сол маңда әкімшілік қызметкерлері де жүр" деп жазды сайт тілшісі.

Тағы оқи отырыңыз: Шетелдік БАҚ Айсұлтан Рахаттың неден көз жұмғанын жария етті

Ал Айсұлтанның әкесінің ағасы – "Құрмет" орденінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласы мен Ордабасы, Сайрам аудандарының құрметті азаматы, осы өңірлерді басқарған, Шымкент қаласының әкімі болған Өмірзақ Әметұлын (Әлиев) біреу білсе, біреу білмес. Сол кісінің алғашқы ағаш белгісінде "Назарбаев Айсұлтан Рахатұлы, 26.08.1990-15.08.2020" деген жазуы бар жаңа қабірдің басында тұрған суреті пайда болды. Қабағы салыңқы, көзі мұңды көрінеді. Фотошоп па, шынайы кадр ме, ол жағын білмедік. Әйтеуір, жергілікті жұрт:

"Айсұлтан Назарбаев Кеңсайға емес, Отырарға жерленген. Мына суретке сонда тұратын немере ағасы басына арнайы барғанда түскен", - деседі.

Дегенмен, шындықтың шеті келесі жылы болатын Лондондағы тергеу нәтижесі мен карантин аяқталғаннан кейінгі Кеңсай зиратына жол ашылған сәтте шығуы тиіс. Ал бұған Өмірзақ Әметұлының өзі не дер екен?..