Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Қарабұлақ базары Ташкенттің агенттері жүретін жер сияқты болып қалды...

...Ауылдың іші-сырты толған ала шапанды ағайын. Яғни, тұрғындарының басым бөлігі де, мал базарына Өзбекстаннан келетіні де солар болған соң, пысық көршіміздің гәпірісуінің өзінде гәп бар...

Қарабұлақ базары Ташкенттің агенттері жүретін жер сияқты болып қалды...
фото: ашық дереккөз

Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылдық округінің орталығында әйгілі "Қарабұлақ мал базары" бар. Әйгілі болатын себебі, ол – анау-мынау емес, Орта Азиядағы ең үлкен мал базары! Ал ондағы төрт түліктің көбін көрші "өз-ағамыз" сатып алып кетіп жатыр. Міне, енді мәселені осы тұстан өрбітейік...

2012 жылғы мәлімет бойынша, Қарабұлақ халқы 45 мыңға жуық, ал бейресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде онда 50 мыңнан астам адам өмір сүруде. "Негізгі бөлігін, яғни 99%-ға жуығын өзбектер құрайды" деп жазылған Википедияда. Сол халқы өте тығыз орналасқан ауылдағы жоғарыда аталған мал базарына 10 мыңнан астам мал басы сыяды. Ол жерден жылқы, сиыр, қой, ешкіден бөлек, тауық, қоян, қаз, үйрек, тауыс және тағы басқа да құс пен жануарларды кездестіруге болады. Тіпті, қызды-қыздымен саудаға кәдімгі қоңыр аюды шығарып қойған сабаздар да болды ғой...

Ауылдың іші-сырты толған ала шапанды ағайын. Яғни, тұрғындарының басым бөлігі де, мал базарына Өзбекстаннан келетіні де солар болған соң, пысық көршіміздің гәпірісуінің өзінде гәп бар. Базарымыз құдды бір Ташкенттің агенттері жүретін сияқты болып қалды...

Қарап отырсақ, қазір ол ағайынның мал саны Қазақстандағыдан екі есе көп. Неге? Себебі, олар төрт түлігін Қарабұлақ мал базары арқылы біздің есебімізден көбейтіп отыр. "Өй, ол екі есеңнің 70-80 пайызы есек шығар" деп ойлап қалмаңыздар. Мысалы, былтыр шетелге 300 мың бас тірі мал сатылған. Оның ішінде Қазақстан мал біткенді Өзбекстанға сату үшін асылдандырып жатқандай әсер қалдырады. Бұл мәселені Сенат отырысында депутат Әли Бектаев Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдағанда көтерген болатын. Сонда елдегі репродуктивті аналық малдың Өзбекстанға асып жатқанына алаңдаған сенатор премьер-министрден мал экспортына қатысты ұстанымдарды қайта қарауды сұрады.

"Соңғы кезде Қазақстаннан сыртқа сатылған ірі малдың саны 2 есе, уақ малдың саны 7 есе өскен. Оның 80%-ын Өзбекстан Республикасының азаматтары сатып алған. Олар өздерімен шекаралас Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалысын іріктеп алуда. Ең сорақысы, шетке сатылған малдың 50%-ға жуығы – репродуктивті аналық бастар. Яғни, көршілес мемлекеттен Қазақстанның малын етке ғана емес, өздеріндегі мал сапасын жақсартуға және санын көбейту үшін сатып алуда. Бұл – өз кезегінде ет бағасын өсіріп, әлі де 1991 жылдың деңгейіне жете қоймаған Қазақстандағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізеді деген сөз", – дейді депутат.

Оның пікірінше, шетелге тірі малдан гөрі ет пен ет өнімдерін сату әлдеқайда маңызды. Бұл бағытта мал бордақылау мен ет өндірісін субсидиялау саясатын нақты қарап, пысықтау қажет. Сөйтіп, әлгі "далаға кеткен" 300 мың бас малды етке айналдырсақ, 260 мың тонна болмақ. Ал елімізде дайын ет ретінде небәрі 4800 тонна өнім сатылған. Сонда тірідей сатылған ет көлемі – дайын өнім ретінде сатылған еттен 5,4 есе көп деген сөз.

Алайда, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі малды тірілей экспорттауды тоқтатып көріп еді, өзімдікі деген өндірісі жоқ, тек Қарабұлақ сынды базарларға арқа сүйеп жаман үйренген қазақ шаруалары "сең соққан балықтай" сенделді де қалды. Сөйтіп, Өзбекстан сияқты ірі өткізу нарығынан айырылған олар фермаларын жаппай сата бастады. Аграрлық кеңесші Кирилл Павловтың айтуынша, өз-ағамыз ондай импортты жақсы көреді. Өйткені, оларда тұяқ, мүйіз, тері, ішек-қарын өңделеді. Сондай-ақ, жанымызда сиырдың ішек-қарынын жақсы көретін үлкен Қытай нарығы тұр. Ал бізде жүнді бастапқы өңдеумен айналысатын барлық фабрика жабылып, ел бойынша екеуі ғана қалған. Басқасының бәрін қоқысқа тастаймыз. Жақсы жағдайда иттерді тамақтандырамыз.

"Мен тыйым салуға қарсымын. Біз қазірдің өзінде ферма иелерінің 50-200 бас ірі қара малға арналған шаруашылығын жаппай сатып жатқанын көріп отырмыз", - дейді Кирилл Павлов. Айтуынша, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Түркістан және Қарағанды облыстарының 20-ға жуық шаруашылығы одан фермаларын толық сатуға көмектесуін сұрапты. Оған қоса, қазір адамдардың мал шаруашылығында жұмыс істеуге деген ынтасы да жоқ көрінеді.

Сондықтан өткен жылы елден 264 мың бас қой шығарылса, оның да жартысынан астамы аналық болған. Әрине, 200 мыңнан астамы (76%) Өзбекстанға кеткен. Қалған 21,5 мың бас (8,1%) Ресей Федерациясына, 18 мың бас (6,7%) Әзірбайжан, шамамен 12 мың бас (4,5%) Иран еліне тасымалданыпты. Осы орайда, Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев елдің мал шаруашылығы толық күйреу алдында тұр деп дабыл қағуда.

"Қызылорда облысындағы бір оқиғаны айтып берейін. Бұл тірі малды сатуға мораторий енгізілгенге дейін болды. Өткен жылы бір фермада 16 мың қой болған. Бұл – Қызылорда облысының нақты бір ауданындағы қой басының 50%-ы. Шаруашылықтың иесіне өзбектер келіп, одан 15 мың мал басын сатып алды. Ол тек мың қой қалдырды. Ал 15 мың қойды, оның ішінде көбінесе саулықтарын сатқан. Қандай жағдайға тап болғанын елестетіп көріңізші!.. Өзбек ағайындар қаракөлді өндіру үшін қойдың барлығын дерлік алып кетті. Олар осы саланы дамытып, Ауғанстанмен бірге Африка нарықтарына шығады", - дейді ол.

Міне, жері біздің бір облыстың көлеміндей ғана Өзбекстан тек Қарабұлақ базары арқылы-ақ қазақтың "аузын ұрып", өздері Орта Азиядағы мал шаруашылығы державасына айналмақ ниетте.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ