Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмей-ақ орналасуға бола ма?

«Тіл мәселесі» қаншама жылдар бойы айтылып келетін тақырып болғанымен, бүгінгі күні оның төңірегіндегі «проблемалар» шешілмей, халықтың наразылығын тудыруда.

Мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмей-ақ орналасуға бола ма?
Сурет: Tengrinews.kz

Нақтылай келсек, мемлекеттік қызмкетке орналасу үшін тапсырылатын тестілеудің «әділетсіздігі». Яғни, «Мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған» тестілеу ішінде, Мемлекеттік тілді білуге арналған сұрақтар болғанымен, өтпелі, дұрыс жауаптардың қанша керектігі көрсетілмеген. Қазақ тілінен 20 сұрақ белгіленіп, «өтпелі дұрыс жауаптар» деген балл қойылатын жерде, «0» тұр.  Демек, қазақ тілінен бір де бір сұраққа жауап бермей-ақ, сертификатқа ие бола аласыз.

Мен өз басым қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде «қолдану аясы тарылып жатыр, қолданылмай жатыр, көңіл бөлінбей жатыр» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше қазақ тілі өз дамуында үлкен жаңа бір биікке көтерілген сияқты, - деген еді Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Ерлан Карин.

Paryz.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне журналисттік сауал қойды. Тестілеуде қазақ тілінің балдары ескерілмесе, мемлекеттік тілді жалпы тестілеуге қосудың қандай қажеттілігі бар?

Агенттіктің жіберілген ресми жауабына сүйенсек, үміткерлердің мемлекеттік тіл бойынша тестілеудің нәтижелері конкурстық комиссиямен әңгімелесу барысында ескерілуі мүмкін.

Алайда, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметке (оның ішінде саяси қызметке) мемлекеттік тілді меңгермеген адамдарды қабылдау заңнамамен шектелмеген.

Тіл саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламамен (Үкіметтің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1045 қаулысы) Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне 2025 жылға дейін «Қазтест» жүйесі бойынша «Б» корпусы лауазымдарына үміткерлерді шекті мәндерді белгілей отырып тестілеуді енгізу тапсырылды. Бұл тапсырманы іске асыру заңнамаға түзетулер енгізуді талап етеді. Осыған орай, тиісті түзету мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілді. Қазіргі уақытта заң жобасы мемлекеттік органдармен қарастырылуда, - делінген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми хатында.