Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Халықтың алдында Сапарбаев кім, Түймебаев кім?..

Құрметті шен-шекпенділер! Көрдіңіздер ме, бәріңіздің де бағаларыңызды тағайындаушылар емес, халық береді осылай. Ал олар әділ береді...

Халықтың алдында Сапарбаев кім, Түймебаев кім?..
фото: коллаж

Қазір Тоқаевтың Назарбаев кабинетіне келіп, шахмат тақтасындағы "ескі-құсқы фигуралардың" орнын ауыстырумен ғана айналысып отырғаны белгілі. Саяси ойынның сәбеттік дәстүрін таптаурын ете беруден басқа ештеңе істей алмайды. Сол елбасының "көзіндей көріп" сақтап отырған фигураларын салыстырып бақсақ, Жансейіт Түймебаев – жай бір елеусіз "пешка" да, Бердібек Сапарбаевтың әрдайым "екі жеп биге шығып отыратын" әжептәуір салмағы бар.

Бұл ретте, "Неге тек сол екеуін ғана салыстырып отыр?" деген орынды сұрақтың туындауы мүмкін. Себебі, былтыр еліміздің батысы мен оңтүстігіндегі екі өңірдің әкімі лауазымынан бір күнде босаған Сапарбаев пен Түймебаевтың қоштасу рәсімдерінде жер мен көктей айырмашылық болды.

Алдымен Түркістан облысына тоқталайық. 2019 жылдың 26 ақпанында облыс әкімі болып оған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған Өмірзақ Шөкеев барды. Ал ол "жылы орнына" жеткенше, әлеуметтік желіде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың "бессандырақ" әріптесімен алдын ала "қоштасып жатқан" видеосы тарап кеткен еді. Видеоны саясаттанушы Ербол Еділов Facebook-тегі парақшасына жариялады. Онда "Жансейіт Түймебаев Түркістан облысы әкімі қызметінен кетті" деп жазылған. Содан кейін саясаттанушы өзінің Telegram-арнасында облыс әкімі болып Өмірзақ Шүкеевтің келуі ықтимал екендігін жеткізді. Көрдіңіз бе, Түймебаевтың кабинетінде иығына шапан жабылып, қоштасу рәсімі болып жатқанынан да, оның орнына Шөкеевтің келетінінен де жергілікті жұрт бейхабар болған. Түркістандық шенеуніктердің сол өңірде туып-өскен Жансейіт Қансейітұлын Ассамблеяға шығарып салуы "жетім қыздың тойындай" өтті.

Иә, оны жергілікті мәслихаттағы 50-дей депутаттың 10 шақтысы ғана шығарып салғаны "жетім қыздың тойындай" емей немене енді? Ал түстен кейін астанадан облысқа Шөкеевті таныстыруға алып келгенде, әлгі 50-дей депутаттың төрт көзі түгел отырған. Тіпті, сол жерде Шөкеевтің атына кезек-кезек жалындатып мадақ айтқанда, бірінен-бірі асып түскен. Сосын бәрі топырлап "Нұр Отан" партиясының съездіне қайта ұшып кетті.

Демек, бұл Түймебаев Шөкееев сияқты аймақтың құрметіне лайық болмады, активтің тілін таппады дегенді білдірсе керек. Оның түркістандықтарға несі ұнамағанын қайдам, әйтеуір, мынасы – ыңғайсыз жағдай. Қол астындағы кадрларын белгілі бір мүдде үшін тағайындады ма екен, ә? Әлде, оған жақсыатты көрініп, жағынып қалу үшін Алматыны жағалап, "картина іздеп кеткен" шен-шекпенділер болды ма? Бәлкім, өзі бір жат идеологияны насихаттап немесе қолындағы тәспісімен әріптестерінің алақанына "шипа" берді ме, білмейміз ғой. Тек білетініміз, оңтүстік халқы сырттан таңылған ешқандай жат дүниені ұната бермейді де...

Сол сәтте Бердібек Сапарбаев та 4 жылдан астам уақыт отырған Ақтөбе облысының әкімі лауазымынан босап, Нұр-Сұлтанда 5 сәбидің қазасынан кейін көпбалалы әйелдер наразылығы күшейген тұста, екінші рет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынтағына жайғасуға әзірленіп жатты. Ал кетерінде оны өңірдің өңкей зиялылары, әнші-әртістері шығарып салу үшін әуежайға жаяулап-жалпылап, сырнайлатып-кернейлетіп барды. Сонда Бердібектің соншалықты не құдіреті бар десеңіз, әрине, бұл жағдай аристократтықты көрсетеді. Керек болса, Бердібек әкімнің: "Сіздердің көңілдеріңізге, ниеттеріңізге, келгендеріңізге мың да бір рахмет! Бірақ, мен қайтып келемін", - дегенін сол кезде "жылап-сықтап" қалған ақтөбеліктер әлі ұмытпапты.

Бұл жерде бұқараға ұнау үшін болмашы нәрсе де жеткілікті. Мысалы, Бердібек Мәшбекұлы ел-жұртпен солай қарапайым ғана қарым-қатынас ұстанады. Олардың әлгіндей "қимастықпен қоштасуы" үшін әкім-қараның "бар игілік – сіздер үшін" деген сияқты жылы сөздері жетіп жатыр. Бәрінен бұрын, Сапарбаевтың ұстанымында майда-шүйде деген болмайды. Артынан ерген пыш-пышқа пысқырып та қарамайтын, трайбалистіктен де ада адам. Сонысы үшін ол осы уақытқа дейін шығыстың қалың Найманының, батыстың жаужүрек кіші жүзінің, Тараз төріндегі ұлы жүздің көңілінен шығып жүр ғой. Ал оған қарағанда, Түймебаевтың әкім кезінде көзге түскен ештеңесі байқалмады...

Құрметті шен-шекпенділер! Көрдіңіздер ме, бәріңіздің де бағаларыңызды тағайындаушылар емес, халық береді осылай. Ал олар әділ береді. Демек, ешқайсыңыз да түлкібұлаңға салып, қалың көпшілікті алдап кете алмайсыздар!

Тұрсын ЖАМАНТАЙ