Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Біреудің суретін "менікі" дей салатындай, Тіл комитеті төрағасының көзін шел басқан ба?

"Бұл жігіт 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы болған екен, соның дәлелі ретінде 1986 жылғы желтоқсанда алаңда қасқайып қол ұстасып тұрған жігіттердің арасындағы суретін салды. Бірақ, жаңағы сурет менің көзіме оттай басылды...".

Біреудің суретін "менікі" дей салатындай, Тіл комитеті төрағасының көзін шел басқан ба?
фото: коллаж

Біздің қазақтың қолына биліктің тиюі әсте-әсте, билік тиген соң сужұқпас суайтқа айналуы бір пәсте ме, қалай? Жақында Тіл комитетінің жаңа төрағасы Әділбек Қаба Facebook-тегі парақшасына «Желтоқсанда қойылған талаптың бірі тіл мәселесі болатын» деген жазба жариялады. Ал жазушы Қанат Тасыбеков «Ұят емес пе?» деген тақырыппен оның сол жазбадағы өтірігін әшкереледі.

"Жақында әлеуметтік Фейсбук желісінде ҚР Тіл комитетінің жаңа басшысы болған Әділбек Қабаның "Желтоқсанда қойылған талаптың бірі Тіл мәселесі болатын" деген мақаласын оқып, жоғары лауызымдағы шенеунікті өтірік айтатын қырынан танып, жағамды ұстадым. Бұл жігіт 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы болған екен, соның дәлелі ретінде 1986 жылғы желтоқсанда алаңда қасқайып қол ұстасып тұрған жігіттердің арасындағы суретін салды.

Әрине, оқырмандардың (Акжан Жунисова) құрметі арта түскенін жазып, оны қаһарман батыр деді (Жемис Шакирова).

Бірақ, жаңағы сурет менің көзіме оттай басылды, өйткені бұл фотода менің Сабыр Шынасилов (Sabyr Kainar) деген досым, мен ол туралы 2016 жылы пост жазғанмын. Сабыр Шынасилов Ә. Қабаға хабарласқан соң, басқа да адамдар (Adil Dossanov) оның сөзін дәлелдеген соң, шенеунік жариялаған материалын желіден алып тастады.

Тіл – ұлтымыздың жаны. Тіл мәселесімен айналысқан адам таза болу керек, ал осындай жалғандыққа баруға Тіл комитетінің төрағасын не жетеледі? Басқа айтарым жоқ. Сіз не дейсіз, Әділбек Қаба мырза?» - деп шырылдады Қанат Тасыбеков.

Міне, Желтоқсан қаһарманының көзі тірісінде оның суретін "менікі" деп жариялау "Өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам" дегенді ғана санаға сап еткізбесе, ақылға сыятын һәм Әділбек Қабаға абырой әпере қоятын әрекет емес. Иә, шынымен де "осындай жалғандыққа баруға Тіл комитетінің төрағасын не жетеледі" екен? Өзінің сөз мәнеріне қарағанда, оған Құрманғазы Рахметов барып: "Көрдің бе, мында да екеуміз қатар жүр екенбіз" деген-ау, шамасы? Ал Әділбек мырза алаңдағы қаһарман ретінде сәбет сарбазынан ауыр соққы алса керек, өзінің жас кезіндегі түрін де білмейтінге ұқсайды. Әлде, билік бишігіне шыққан адамның көзін шел басқанда, айналасы түгіл, өз-өзін танымай қалатын да жағдай бола ма екен?..

Ердәулет СЕРІК