Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Тазабек туралы айтылса, Қариннің басы қылтиып тұратын болыпты

"Мұхамеджан Тазабектің ұлттық арнадағы бағдарламасы Балтабектен ары өткен жағымпаздардың пікірімен басталыпты. Естуімше, сәләфиттерге бұл бағдарламаны ашуға Ерлан Қарин күш салыпты..."

Тазабек туралы айтылса, Қариннің басы қылтиып тұратын болыпты
фото: facebook.com

Қазір ел ішінде Ерлан Қарин туралы қауесет көп. Тіпті, оның саяси салмағын сәләфиттермен "ауыз жаласуымен" өлшейтіндер де бар.

Мысалы, Қытайдан келгелі ортаңқол оданың көрігін қыздырып, билік бишігіндегілерді төңіректеп жүрген Ауыт Мұқибек деген оралман өлеңші астанадан Алматыға барып қайтыпты. Онысын өзі Facebook-тегі парақшасында: "Мұхаметжан буырымның аттай қалап шақыруымен Алматыға кештетіп ұшып барып, QAZAQSTAN арнасынан ашқан жаңа бағдарламасына түсіп келдім. Түсірілім "Қазақтардың сіңісуі" деген тақырыпта болды. Алдағы күндері Ұлттық арнадан көретін боласыздар", - деп сүйіншілеген, "жерден жеті қоян тапқандай".

Әрине, мұндайда үнсіз қалмайтын жатыпатар журналист Тоқтар Жақаш оны да тілмен түйреп өтті. Оны ғана емес, сол бір жазбаны негізге ала отырып, Мұхамеджан Тазабекті де тұқыртып барып, таяқтың бір ұшын Ерлан Қаринге апарып тіреп қойды. Қараңыз...

"Мұхамеджан Тазабектің ұлттық арнадағы бағдарламасы Балтабектен ары өткен жағымпаздардың пікірімен басталыпты. Естуімше, сәләфиттерге бұл бағдарламаны ашуға Ерлан Қарин күш салыпты. Ал сәләфтар оны "балбал тасқа табынған сопы" деп сырттай келеке ететінін Ерлан біле ме екен?" деп жазды ол өзінің Facebook-тегі парақшасына. Міне, мәселе қайда жатыр?!

Тоқаңның бұл постына бірінші пікір білдірген Гүлнар Әбдішева атты желі қолданушы: "Қазақтардың сіҢісуі" тақырыбын қате жазып қоймасын әйтеуір. Бір әріптен жаңылысса, құрыдық", - деп, ортаға мысқалдай мысқыл тастай салды. "Бұралқы сөз күлмекке жақсы" десек те, бұл төңіректе күле отырып, біле жүретін жайттар аз емес сияқты ма, қалай?

Айталық, 30 шілдеде Бақытжан Қосбармақов та мән берер мәселенің шетін қылтитып қойған-ды.

"Ібіліс Қазақстанға Ерлан Қарин бейнесінде келді. Оның қауіптілігі сол, демократ боп көрініп, ұлтшыл боп сөйлейді. Шынында, ол – саясаткер де, саясаттанушы да емес, саяси фокусшы ғана. Ол автократия арбасының доңғалағын майлап, делбесін қағып, елді ескі сүрлеуден шығармай, дүбәра қылуға жанын салып-ақ жүр. Егер рентген сияқты адамның болмысы мен саяси көзқарасын анықтайтын құрылғы болса, оның екі өкпесі диктатура деп соғып тұрғанын, жүрегі әлдеқашан қарайып кеткенін көрсетер еді. Оның жүрген жеріне шөп шықпайды: 2003 жылы Дариға Назарбаеваның шашбауын көтеріп, "Асар" деп аттандады; 2005 жылы сайлауда А. Ақаевтың кеңесшісі болды, іле Қырғызстанда дүрбелең болды; 2010 жылы Қырымбек Көшербаевтың кеңесшісі болды, артынша Жаңаөзен қанға бөкті; былтыр Қ. Тоқаевтың кеңесшісі боп, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, елді емексітіп, тағы тақырға отырғызды. Қариндер тұрғанда қазақтың көсегесі көгермейтіні анық", - деп салды. Бет-жүзің бар-ау дейтін емес.

Бұдан ұққанымыз, Мұхамеджан Тазабекке қатысты әйтеуір бір сөз қозғала қалса, соның астарынан Қариннің басы қылтиып тұратын болыпты. "Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" дейтін қазақ, Тоқтар Жақаш пен Бақытжан Қосбармақ сынды қоғамда өзіндік орны айшықталған, айтары бар азаматтардың уәжіне иланбай қоймас. Иланбайын десе де, артын ойлайтын жастағы һәм фактісіз сөйлемейтін тісқаққан журналистер өз сөзіне жауап бере алатын болып тұр ғой...

Ерік ЕЛЕУСІЗ