16.02.2021, 10:41

Министрліктер мен өңірлер 65 млрд теңгені игермеген

фото: elorda.info

Негізгі себептері: төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу; орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау; нақты көрсетілген қызметтер көлемі; шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 91 пайызға атқарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы қаңтардағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін баяндау кезінде айтты, деп хабарлады paryz.kz.

"Мемлекеттік бюджеттің шығыстары - 91 пайызға, республикалық бюджеттің шығыстары - 94,4 пайызға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 80,6 пайызға атқарылды", - деді министр.

Оның айтуынша, республикалық бюджет бойынша 1 трлн 212 млрд теңге сомасына шығыстар жүргізілген. Орындалмау 72 млрд теңгені құрады, оның ішінде үнемдеу - 7 млрд теңге, игерілмеу сомасы - 65 млрд теңге.

Ірі сомаларды игермеген мемлекеттік органдар: Қаржы министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі.

Негізгі себептері: төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу; орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау; нақты көрсетілген қызметтер көлемі; шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары - 203 млрд теңге. Атқарылмағаны - 49 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 ақпандағы жағдай бойынша 32 млрд теңге бөлінген. Олардың 79,3 пайызы игерілген. Атқарылмағаны - 6 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңге - үнемдеу, 4 млрд теңге игерілмеген.

Ірі сомаларды игермеген өңірлер: Батыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола облысы, Атырау облысы.