Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Қаржы министрлігі шенеуніктерінің өзі "айлығымыз аз" деп отыр

"Мұндай жағдай тәжірибелі кадрлардың кетіп қалуына әкеп соқтырады. Олар білімі мен машық-дағдыларын жеке секторда қолдануға құлшынады", - дейді олар.

Қаржы министрлігі шенеуніктерінің өзі "айлығымыз аз" деп отыр
фото: ашық дереккөз

Кезінде елбасы "мемлекеттің бухгалтериясы" деп атаған Қаржы министрлігіне бұған дейін айлықтарының шайлығына жетпей жатқаны жөнінде өңірлердегі мемлекеттік қызметшілерден шағым көп түсетін, деп жазды paryz.kz, Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Енді Қаржы министрлігінің өз қызметкерлері де жалақыларының аздығына арыздана бастады. Атап айтқанда, кеден мен салық органдарына жауапты Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері базалық айлықақысына үстеме қосуды сұрап отыр. Олар Еуразиялық одаққа кіретін елдердегі әріптестері өздерінен бірнеше есе көп алатынын алға тартады.

"Мемлекеттік кірістер органдарының қатардағы қызметкерінің орташа жалақысы - 104 мың, аудандық басқармада - 97,7 мың теңге. Бұл - барлық салықтар мен төлемдерді алып қойғаннан кейінгі қолына алатын сомасы. Мұндай жағдай тәжірибелі кадрлардың кетіп қалуына әкеп соқтырады. Олар білімі мен машық-дағдыларын жеке секторда қолдануға құлшынады. Салдарынан, жұмысынан босатылған жұмыскерлер саны жыл өткен сайын өсуде. Мәселен, 2017 жылы 950 адам кетіп қалса, 2018 жылы бұл сан – 1038-ге, 2019 жылы – 1273-ке, ал былтыр – 1658 адамға жетті", – деп хабарлады комитет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болса, ұсақ шенеуніктердің төмен жалақысын коррупциялық тәуекелдің бірі санайды. 2020 жылы сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен мемкірістер органының 25 қызметкері ұсталған. 2019 жылы оның тағы 34 қызметкерінің қолына кісен салыныпты.

"Еуразиялық одақ мемлекеттеріндегі және көрші елдердегі ұқсас сала қызметкерлерінің жалақысына жүргізілген салыстырмалы талдау көрсеткендей, Ресейде фискалды органдар қызметкерлерінің жалақысы Қазақстандағыдан 4,5 есеге көп (468 мың теңге), Өзбекстанда - 3,7 есеге (388 мың теңге), Беларусте – 1,4 есеге (150 мың теңге), Қырғызстанда – 1,15 есеге (120 мың теңге) жоғары", - дейді мемкірістер комитеті.

Бұл ретте, басқа елдерде кеден саласы мамандарының сыныптық шені және арнайы атақтары базалық айлықақысына қосымша үстеме төлеуге мүмкіндік беретін көрінеді.

"Кеденшілер өткізу бекеттерінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілдерімен бірдей жағдайда жұмыс істейді. Бұл ретте негізгі жалақысы сыртында ҰҚК Шекара қызметінің қызметкеріне оның отбасындағы әрбір мүшесі үшін баспана жалдауға қосымша 22 мың теңгеден, күн сайынғы тамағына – 1,5 мың теңгеден бөлінеді. Сондай-ақ оның 1 жылғы жұмыс өтілі 1,5 жыл ретінде есептеледі", - деп қызыға әрі қызғана қарайды МКК.

Сондықтан ведомство қызметкерлері қордаланған проблеманы кешенді шешу ісі пісіп-жетілген деп есептейді. Бұл үшін олар мемкірістер органындағылардың мәртебесін арттыруды сұрады.

"Бұл жұмысты МКК қызметкерлеріне сыныптық шен тағайындау, базалық айлықақысына үстеме қосу, бірыңғай формалық киім енгізу арқылы жүргізу ұсынылады. Аталған шаралар мен тәсілдер органдағы сабақтастықты сақтауға, коррупция деңгейін төмендетуге айтарлықтай дәрежеде мүмкіндік береді", - деп мәлімдеді меморган.

Айтқандай, қазақстандық салықшылар да, кеденшілер де кеңес кезінен ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығына дейін погон тағып жүрді. Арасынан қаншама генералдар шықты. Мысалы, салық полициясының генерал-майоры, салық органының генерал-лейтенанты дегендер қаптады. Содан елбасы "елімізде погон таққан оқалы жағалылар тым көбейіп кетті" деп сынағаннан кейін ел Үкіметі заң жобасын әзірлеп, мемкірістер органдары қызметкерлерінен сыныптық шенін сыпырып алды да, оларды бизнес пен халыққа қызмет ететін қарапайым мемқызметкер деңгейіне түсіріп тастады. Погондар мен шендер негізінен елдің қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен қоғамдық тәртіп қорғанында тұрған Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰҚК секілді органдар қызметкерлерінде ғана қалды.

...Қалай болғанда да, қазақстандық салық қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы қосу мәселесін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың өзі ілгерілетуде. Ол осы мәселені Үкімет отырысында көтерді. Министр "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі мен антикоррупциялық орган бірлесіп жүргізген жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелерін алға тартты: талдау қорытындысында мемкірістер органы – елдегі коррупцияға ең бейім орган болып танылған.