Биыл Алматыға 1 триллион теңге инвестиция тартылған. Мұның көбі ішкі нарықтың көрсеткіші. Ал мегаполистің бұл реттегі үлесі республика бойынша 8,8 пайыз, – деп хабарлайды Paryz.kz.
9 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған салым 101,5 пайыздық деңгейде қалыптасқан. Бұл – бір Алматының көрсеткіші. Арнайы экономикалық аймақ құрып, кластерлік дамуды қолға алған шаһарда бір инновациялық парктің өзіне бір жылда 50 млрд теңге инвестиция құйылған. Мұнда негізінен электроникалық, телекоммуникациялық жабдықтар жасалады. Мұнай мен газ, жаңартылған энергия көздері сынды салалар технологиялық тұрғыда қамтылады.
Арнайы экономикалық аймақтағы көп компанияның бірі – газ, су, жылу және электр энергиясы есептеуіштерінің өндірісі. Өзін-өзі қамтып отырған кешен бүгінде өлшеуіш құралдарды шығарып, ел аумағында қызмет көрсетеді.
«2,5 млрд теңге бюджеттің көлемінде жұмыс атқарылды.Оның ішінде біздің өзіміздің жалпы өніміміз 1,5 млрд теңге болады. Жыл соңына дейін2,5 млрд теңге жұмыс көзделіп отыр. 2024 жылдың орта тұсына қарай барлық есептеуішті 100 пайызға қазақстандық өнім етіп шығаруды қолға алып отырмыз», – деді есептеуіш құрылғылар компаниясы сату бөлімінің жетекшісі Бекбол Егізбаев.
Отандық нарық үшін жылына 200 мыңға тарта өнім өндіретін кезекті компания да қазақстандық тауарды алыс-жақын шетелге экспорттауды қолға алған. Автоматтандырылған желі арқылы жұмыс істеп отырған мамандар «Егер өндіріс ошағы артса, жұмыс қуаттылығы да еселеп өсер еді» дейді. Өйткені, жүзге жетер-жетпес адам шетелдік сұранысты былай қойғанда, ішкі нарықтың тек 30 пайызын қамти алатын көрінеді.
«ID TV, цифрлық теледидарда қолданылады. Коммутатор, интернет, Wifi модем, байланыс саласында көп қолданылады. Өзіміздің өнімдерімізді Орталық Азия, Үндістан, Өзбекстан, Иран елдеріне экспорттаймыз. Олар – коммутаторлар. Әсіресе Өзбекстанмен бізде жақсы тауар айналымы болып жатыр», – деді инженер Данияр Омаров.
Осы сынды 160 компанияның жұмыс істеуіне жол ашқан арнайы экономикалық аймақ бүгінге дейін 7,46 млрд теңгенің тауарын экспортқа жіберген. Бұл да қаланың кірісі мен ел экономикасының көрсеткішіне әсер етіп отыр. Ал Алматының 9 айдағы инвестициялық салымы көбіне белгілі бір салаларда байқалған.
«Негізгі салымдар – жылжымайтын мүлік пен операциялар, көлік және қоймалар, көтерме және бөлшек сауда мен қаржылық және сақтандыру қызметтерінде өтіп отыр. Олардың үлес салмағы 71,1 пайыз», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Әбілқайыр Аймұхамбет.
Инновациялық технологиялар паркінде 2025 жылға дейін тағы 4 жоба, 417 жұмыс орны ашылмақ. Жалпы құны 11,6 млрд теңге болатын өндіріс негізінен картридж, медициналық жабдық пен фармацевтикалық бұйым шығаруға бағытталып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Алматыға 1 триллион теңге инвестиция тартылған. Мұның көбі ішкі нарықтың көрсеткіші. Ал мегаполистің бұл реттегі үлесі республика бойынша 8,8 пайыз. 9 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған салым 101,5 пайыздық деңгейде қалыптасқан. Бұл – бір Алматының көрсеткіші.