Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Арқалықта 3 жыл бұрын ашылған ет комбинатының жұмысы ақсап тұр

Ет комбинаты малды қымбат алып, өнімдерінің өзіндік құнын өсіргісі жоқ. Осыған байланысты шикізат тапшылығы туындап отыр.

Арқалықта 3 жыл бұрын ашылған ет комбинатының жұмысы ақсап тұр
фото: 24.kz

Үш жыл бұрын іске қосылған Арқалық ет комбинатының әлі күнге жұмысы мардымсыз, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Күніне 3 тонна шұжық, 1 тонна консервіленген ет шығаруға қауқарлы кәсіпорын бүгінде соның 10-15%-ын ғана өндіріп отыр. Негізгі себеп – шикізаттың тапшылығы.

Ресми мәліметке сүйенсек, қазір Торғай өңірінде 100 мыңға жуық ірі қара бар. Арқалықта ет комбинатын ашқанда, бір жағынан осы жекенің қолындағы төрт түлікке үміт артқан еді. Алайда жергілікті халық малдарын комбинатқа тапсырғысы жоқ. Өйткені олардың белгілеген бағасы нарықтағыдан біршама төмен дейді.

"Сырттан оңтүстіктен келіп, бізден мал алып жүргендер бар. Олар енді сұраған бағаны еріксіз береді. 190-нан алады кемі. Биыл бұзаудың өзін олар 150 мыңнан алып кетті", - дейді Жанкелдин ауданының тұрғыны Мағзұм Баймағамбетов.

Ал Арқалық ет комбинаты ірі қараны әрі кеткенде 130-140 мың тенгеге алады. Айырмашылық біршама. Әрине, ақ-адал малын кім арзанға бергісі келеді? Ет комбинаты да қымбат алып, өнімдерінің өзіндік құнын өсіргісі жоқ. Осыған байланысты шикізат тапшылығы туындап отыр. Бұл тығырықтан шығу үшін былтыр Арқалықта 5 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңының құрылысы басталды. Биыл соның ең болмағанда жарты бөлігін іске қосу жоспарда бар. Ал бордақылауға қойылатын мал басы күзге дейін мың жарымға жеткізілмек.

"Қазіргі таңда ол жерге жемдеу алаңына 250 бас ірі қара кіргізілді. Қазіргі таңда бордақылау алаңында тұр. Оның сыртында 110 бас жылқы бар. Ол да қазір бордақылау алаңында тұр. Алдағы ақпан айында енгізу актілері бірте-бірте берілгеннен кейін, май айына дейін біз толықтай 500 бас ірі қара алдыртамыз деп отырмыз", - дейді Арқалық қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Құлметов.

Алдағы бір-екі жылда бордақылау алаңы толық іске қосылғанда ет комбинаты шикізаттан зәрулік көрмейді. "Тұрақты жұмыс істеп, күніне 10 тонна ет өнімдерін шығаратын болады", - дейді жергілікті мамандар.