Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

31 мыңнан астам қазақстандықтың салықтық өсімпұлы кешірілді

Қазақстандықтардың әртүрлі салық бойынша 64 млн теңгеден астам өсімпұлы есептен шығарылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

31 мыңнан астам қазақстандықтың салықтық өсімпұлы кешірілді
сурет inbusiness.kz сайтынан

7 қыркүйектегі жағдай бойынша, салықтық рақымшылық мүмкіндіктерін 31 338 азамат пайдаланып үлгерген. Олар 295,3 млн теңге салық төлеп, 64,1 млн теңге өсімпұл есептен шығарылды.

«Төленген берешек сомасы бойынша Алматы қаласы бірінші орында. Оңтүстік мегаполис тұрғындары 75,6 млн теңге салық төледі. Бұл көрсеткіш бойынша алғаш үштікте Түркістан облысы (35,1 млн.) және Алматы облысы (34,2 млн.) бар. Есептен шығарылған өсімпұл көрсеткішінде Алматы қаласы – алда. Қала бойынша бұл сома 18,4 млн теңгеге жеткен. Жойылған өсіпұл көлемі 17,7 млн теңгені құрап отырған Нұр-Сұлтан қаласы – екінші орында. Ал Маңғыстау облысында 4,5 млн теңге өсімпұл есептен шығарылған», - делінген  ақпаратта.

Еске сала кетейік,  Салықтық рақымшылық жасау мерзімі – 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Борыштың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Салықтық берешегінің бар-жоғы екендігі туралы мәліметті ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан немесе «eSalyq mobile» (AppStore, PlayMarket) мобильдік қосымшасы арқылы тексеруге болады.