Тамара Дүйсенова: "Инфляцияға қарай жалақы да көтерілу мүмкін"

Жекеменшік компаниялар инфляция деңгейіне қарай қызметкерлердің жалақысын индексациялауға міндеттелуі мүмкін. Ұжымдық шартқа осындай өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап. 

Тамара Дүйсенова: "Инфляцияға қарай жалақы да көтерілу мүмкін"
Сурет: Study.ru

Сенаттың жалпы отырысынан кейін өткен брифингте журналистер Еңбек министрінен жекеменшік компанияларда істейтін қызметкерлердің жалақысын жыл сайын инфляция деңгейіне қарай индексациялау туралы сұраған. Дүйсенованың айтуынша, Еңбек кодексінде жұмыс беруші мен жұмысшы арасында ұжымдық келісімшарт қарастырылған. Ұжымдық шарттардың көбінде жыл сайынғы индексация туралы норма қазірдің өзінде бар. Бірақ онда жұмыс берушілер индексация жасауға міндетті емес, құқылы деп жазылған.

"Енді депутаттар мұны міндеттеуді және ұжымдық шартқа жалақы индексациясын енгізуді ұсынып отыр. Бұл жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынас қой, олар келісімшарт бекіткенде, мемлекет араласпайды. Сол себепті мемлекет заңнамалық тәртіпте мұны бекіте алады. Біз депутаттардың ұсынысын қарастырып жатырмыз және қолдаймыз", – дейді Тамара Дүйсенова.