Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Субсидия бар жерде ұрлық бар": экономистер дағдарыстан шығаратын жолдарды атады

"Бюджетке түсетін табыс көзін әртараптандыру маңызды болмақ", - дейді экономист-сарапшы Ғалия Қасымханова.

"Субсидия бар жерде ұрлық бар": экономистер дағдарыстан шығаратын жолдарды атады
Фото: ашық дереккөз

"Қазақстан менеджмент" сараптау орталығының жетекшісі Ғалия Қасымханованың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанға бюджетті толықтыру көздерін өзгерту қажет. Ол үшін табыс көздерін әртараптандыру керек болады, деп хабарлады paryz.kz, "Жас Алаш" газетіне сілтеме жасап.

"90-жылдары нарықтық экономиканың қиыншылықтарын ғана көрдік. Ал енді бір тоқырау болатын болса, бізге ес жинау қиынға соғады. Себебі, 90-жылдары ипотекалық дағдарыс дегенді білмедік. Ол кездері жұрт қазіргідей несие алу, қомақты көлемде банктерге қарыздар болу дегенді білмеді. Қазір жекелеген тұлғалардан бастап, құрылыс компаниялары, жекеменшік серіктестіктер, алпауыт компаниялар барлығы несиеге батып отыр. Несие саясатының дұрыс жүргізілмеуі, бюджетті тек мұнайдан түсетін түсіммен ғана өлшеу, отандық өңдеуші саланың тұншығып жатуы - экономикаға үлкен қауіп. Сондықтан болашақта біз үшін бюджетке түсетін табыс көзін әртараптандыру маңызды болмақ", - дейді экономист-сарапшы Ғалия Қасымханова.

Маманның сөзінше, қазір біз үшін ең маңыздысы - жаңа жұмыс орындарын ашу. Тек мұнай-кен барлау өндірісіне ғана иек арта бермей, отандық өндіріс орындарының түсімін арттыру дағдарыстан құтқаратын болады. Бұдан соң мұнайдан түскен түсімді ұтымды пайдалану керек.

"Мұнайдан түскен түсімді халықаралық түрлі шаралар өткізуге немесе жиындар, басқосулар ұйымдастыруға жұмсағаннан гөрі, экономикалық инвестиция ретінде ауқымды жобаларды қаржыландыруға жұмсаған жөн" , - дейді маман.

Сондай-ақ, экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов те, болашақта отандық өндірістің дағдарысқа шыдас беру иммунитетін қалыптастыруымыз қажеттігін баса айтып отыр. Бұл ретте маман қажетсіз салаларға субсидия бөле беруді доғарып, бюджеттің қаржысын ұтымды пайдалану қажеттігін алға тартты.

"Субсидия бар жерде ұрлық бар. Ол жемқорлыққа жол ашады. Сондықтан мынадай дағдарыс кезінде бюджет қаржысын ұтымды пайдалану үшін тегін қаражат бөлуді тоқтату керек. Бәрінің қайтарымы бар. Аграрлық саясат тағам өндіруге бағытталуы тиіс. Оны жергілікті әкімдер салуы керек. Сағым қуғанды қойып, өлшемі бар талаптар қою қажет. Бұл ретте жаңа инвестициялық қадамдарға бару керек", - деді экономист Атамұрат Шәменов.