Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қазақ билігі "коронавируспен күресу үшін" қарызға ақша алатын болды

Азия даму банкінен 908,59 миллион евро, ал Азия инфраструктуралық инвестиция банкінен 661,8 миллион евро қарыз алмақпыз.

Қазақ билігі "коронавируспен күресу үшін" қарызға ақша алатын болды
фото: picdn.net

Қазақстан 2021 жылдың бюджет тапшылығына байланысты, екі банктен 5 және 10 жылға қарыз алады. Билік Азия даму банкінен 908,59 миллион евро, ал Азия инфраструктуралық инвестиция банкінен 661,8 миллион евро қарыз алуды жоспарлап отыр, деп хабарлады paryz.kz.

"Президенттің жарлығына сәйкес, Қазақстан мен Азия даму банкі арасында 908,59 миллион евро қарыз алу туралы келісім жасалды. Қарыз 2021 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады. Бұл қаржы Үкіметтің пандемиямен күреске және экономиканы қалпына келтіруге кетеді", – деді Қаржы министрі Ерлан Жамаубаев, Мәжілістің пленарлық отырысында.

Азия даму банкі қарызды екіге бөліп бергелі отыр. 454,29 миллион евро 10 жылға беріледі және 3 жыл – жеңілдік кезеңі. Қарыздың қалған бөлігі – 454,29 миллион евро 5 жылға 3 жыл жеңілдікпен берілмек. Ал Азия инфраструктуралық инвестиция банкінен Қазақстан алатын қарыз көлемі – 661,8 миллион евро. Бұл қаражат та бюджет тапшылығын қаржыландыруға жұмсалады. Оны 10 жылда жабу керек.

Жоғарыда аталған екі банктен алынатын қарыз туралы заң жобасын Мәжіліс мақұлдады. Үш жылға арналған бюджет жобасындағы бюджет тапшылығы 2021 жылы 2,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 3,4%-ы болатын көрінеді.