Салықтың мұндай түрін енгізу туралы бастама Парламент қабырғасында бұған дейін де көтерілген. Бірақ, осы уақытқа дейін еш нәтиже шықпады.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгін Сенат отырысында байларға батпан жүк түсейін деп тұрғанын ескертті. Бас экономист жақында қалталы азаматтар көп мөлшерде салық төлейтінін айтты, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Осы орайда, жоғары палатада бай мен кедей арасындағы теңдіктің алшақтығы сөз болды. Қазір елде табыс салығы бәріне бірдей, яғни 10 пайыздан төлейді. Бірақ, соның бірі жалақыға қарап отырса, екіншісі аста-төк байлығымен мақтанып, жұртпен жарысып жүр. Қысқасы, сенаторлар ауқаттылар салықты көбірек төлесін деді.
"Бұл жерде яхталар, ұшақтар, элиталық жылжымайтын мүліктер, қымбат көліктер, зергерлік бұйымдар сияқты сән-салтанатқа салық салу туралы сөз болып отыр", - деді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Оның айтуынша, салықтың мұндай түрін енгізу туралы бастама Парламент қабырғасында бұған дейін де көтерілген. Бірақ, осы уақытқа дейін еш нәтиже шықпады. Дегенмен, министрлік оны бұл жолғы Салық кодексіне ішінара енгізіпті.
"Мұнда екі бағыт бар: мүліктің бағасына қарай жоғары салық салу және тапқан табысқа салық салу. Бірақ, төмендетілген мөлшерлеме де бар. Мәселен, кірісі 70 мың теңгеден аспайтын азаматтарға төмен салық салынады. Мүліктің құны жоғары болған сайын оған салынатын салық та көбейе түседі", - деді Руслан Дәленов.
Ал экономист бұл жаңашылдықтың жақын арада енгізілетініне күмәнмен қарайды. Өйткені, қомақты салық негізінен шенеуніктердің өзіне таяқ болып тиетіні ешкімге жасырын емес дейді ол.
"Депутаттар, министрлер, квазимемлекеттік бастықтар дейміз бе, жаңағы салық қызметшілері, осы ұсынысты талқылайтындар көп айлық алатын адамдар өздері. Енді өздері депутат, министр болғаннан кейін айлықтары да көп қой. Солар айлықтың 10 пайызынаның орнына 15 пайыз беруге соншалықты ықыласты болмай, кейінге ысырып келе берді", - дейді экономист Сапарбай Жұмабай.
Сайып келгенде, Салық кодексін сенаторлар қабылдамай, Мәжіліске қайта қарауға жіберді.