Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Мемлекеттік органдар биыл миллиардаған теңгені игере алмай қалыпты-мыс

Әлемдік экономикадағы тұрақсыздық теңгемізді де әлсіреткен. Оған АҚШ-тағы сайлауда Дональд Трамптың жеңіліс табуы әсер еткен көрінеді. Күлесіз бе, жылайсыз ба?..

Мемлекеттік органдар биыл миллиардаған теңгені игере алмай қалыпты-мыс
фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік органдар 24 миллиард теңгені игермеген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеаранасына сілтеме жасап.

Бір қызығы, бюджет қаржысын игермеген ведомсвалардың көшін сол Қаржы министрлігінің өзі бастап тұр. Олар қазынадан бөлінген 2 млрд теңгені жұмсай алмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Әділет министрлігінің де жағдайы осы.

"Қаржыны игермеуге конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерін ұзақ өткізу, орындалған жұмыс актілерін ұсынбау, жұмыстар үшін ақы төлеудің созылуы сияқты факторлар себеп болған", - дейді Ерұлан Жамаубаев.

Өңірлер де оңып тұрған жоқ. Олар да 24 млрд теңгені игермеген. Қаржыны жұмсай алмағандардың қатарында Ақтөбе облысы, Алматы қаласы, Солтүстік және Батыс Қазақстан өңірлері бар. Үкімет басшысы Асқар Мамин оларға ескерту жасады. Әрі бюджет қаржысын ғана емес, қор резервтерінен берілген ақшаны да жарату қажеттігін еске салды.

Үкімет мүшелері бюджет қаржысын қалай жұмсарын білмей, басы қатып жатқанда, Ұлттық қордың әлеуетінен әл кетіп барады. Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаевтың дерегінше, алтын валюта резервтері соңғы айдың өзінде 200 млн долларға кеміген. Қор активтері де азайған. Қазір оның көлемі 56,3 млрд долларға тең дейді бас банкир. "Жығылғанға – жұдырық" дегендей, әлемдік экономикадағы тұрақсыздық теңгемізді де әлсіреткен. Оған АҚШ-тағы сайлауда Дональд Трамптың жеңіліс табуы әсер еткен көрінеді. Күлесіз бе, жылайсыз ба?

"Қазанда АҚШ долларының қымбаттауына және дамушы елдер валюталарының әлсіреуіне алып келген АҚШ-тағы президенттік сайлаудың қорытындысына қатысты белгісіздік өткен аптаның соңында демократиялық партиядан кандидат Джо Байденнің жеңісі аясында төмендеді", - деп отыр Ерболат Досаев.

Ел экономикасына пандемияның да тигізген әсері аз емес. Ұлттық банк төрағасының сөзіне қарағанда, биыл жылдық инфляцияның деңгейі 7,1 пайызға дейін өскен. Керісінше, ішкі өнім 3 пайызға төмендеген. Экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы қымбатшылыққа әкеп соғып отыр. Бас банкирдің дерегінше, азық-түлік 10,7 пайызға қымбаттаған.