Қазақстанда баспана сатып алатындардың саны азайды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл сәуір айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 52520 мәміле тіркелді. Бұл туралы наурыз айымен (67 801) салыстырғанда 22,5%-ке аз, деп хабарлайды Paryz.kz, Aikyn.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазақстанда баспана сатып алатындардың саны азайды
Сурет: ашық дереккөз

Сатып алу саны жағынан Қарағанды облысында – 8 898, одан кейін Алматы және Нұр-Сұлтан қаласында, тиісінше 6 583 және 5 900 шарт болды. Наурызда дәл осы үш аймақ көш бастаған еді. Мәміле саны ең аз өңір – Солтүстік Қазақстан облысында 958 келісім болды.

Тұрғындар тарапынан көбінесе көпқабатты үйдегі пәтерге сұраныс көп. Барлығы – 38 149 мәміле. Оның ішінде, 2-бөлмелі пәтер сұранысқа ие. Сәуірде 15 мыңнан астам 2 бөлмелі пәтер, ал 1 бөлмелі 13 мың пәтер рәсімделді. Жеке үй бойынша 14 371 мәміле болды. Алматы, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында жер үйге сұраныс көп.

Алайда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны былтырмен салыстырғанда 12%-ке кеміді.

Сәуірде Маңғыстау облысында баспана сатып алу 48,9%-ке кеміді.