"Несие кешіріледі": Жеке тұлғаның банкроттығын жариялау үшін қандай талаптар қойылады?

Мәжіліс депутаттары жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жобасын дайындауға кірісті. Азамат өзін-өзі банкрот деп жариялауға арналған өтінішті соттан бөлек, Egov порталы немесе Е-салық қосымшасы арқылы беруге болады. Құжаттарды тапсырғаннан кейін жеке тұлғаның басында мүліктің жоқтығы, кредитті кешіктіру мерзімінің сақталуы сияқты талаптарға сәйкестігі тексеріледі, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

"Несие кешіріледі": Жеке тұлғаның банкроттығын жариялау үшін қандай талаптар қойылады?
Сурет: ашық дереккөз

Алайда экономистер заң жобасын депутаттар бүге-шүгесіне дейін қарауы керек дейді. Себебі жалған банкроттық та ел экономикасына кері әсерін тигізеді. Тіпті мамандар барлық мүлкін сатып, өзін банкрот деп жариялау фактілері көбейіп кете ме деп алаңдаулы. 

Қазір қоғамда өзіңді банкрот деп жарияласаң, несие кешіріледі деген түсінік қалыптасқан. Ал Қаржы министрлігі әзірлеген заң жобасы бойынша банкрот деп танылған жеке тұлға бес жыл бойы несие ала алмайды. Бұдан бөлек банкрот деп жариялаған азаматқа үш жылға шетелге шығуға тыйым салынады. 

Сондай-ақ екінші рет банкроттыққа тек жеті жылдан кейін өтініш беру ұсынылған еді. Алайда бұл шектеулерге қарамастан өтінім беретіндер көп екен. Бүгін мәжіліс депутаттары жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды дайындауға кірісті. Қорытындысы 2023 жылы 26 сәуірде шығады. Қаржы және бюджет комитеті алдағы бір жыл бойы заң жобасын бүге-шүгесіне дейін қараймыз деді. 

"Бұл заң жобасының мақсаты Қазақстан азаматтарының төлем қабілетсіздігіне байланысты мәселені шешуге бағытталған төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің заманауи институтын құру болып табылады. Атап айтқанда, борышкерлерге соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттық рәсімдері қарастырылған", – деді Парламент мәжілісінің депутаты Марат Құсайынов.

Ал экономистер заң жобасын әзірлегенде депутаттар бірнеше маңызды мәселелерді ескерсе екен дейді. Басты проблема – жұрт жаппай банкроттық жариялап, ел экономикасын құлдыратып алмауды да ескеру қажет деген ойда. 

"Тек несие берушілердің ғана емес, басқа да тараптарда туындайтын мәселе бұл – қасақана банкроттық. Заң жобасында қай уақыттан бастап мүлкі жоқ деген мәселе бекітілмеген. Ол дүниежүзілік практикаға қарағанда заңда болу керек. Ал біздің заң жобасында бүгінгі күнде ол жоқ", – деді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекова. 

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әріптестеріне заң жобасын дайындаған кезде қаржи институттарының мүддесі мен халықтың қажеттілігі ескеріліп, тепе-теңдікті сақтау керек деді. Қарапайым халық заң жобасын жіті түсінуі маңызды екенін жеткізді.