Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазақстандықтардың "мұсылмандардың биткоин криптовалютасын пайдалануына бола ма" - деген сауалына жауап берді, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің шешіміне сәйкес биткоин криптовалютасын пайдалануға тыйым салынады", - делінген діни басқарманың жауабында.
Басқарма мұндай шешімге бірнеше дәлелдерін келтірген.
Алғашқы дәлелде шариғат бойынша кез келген ақша мемлекет тарапынан шығарылып, қорғалуы керек екені айтылған.
"Биткоин ұлттық валюта емес. Бұл орталықтандырылмаған виртуалды ақша болғандықтан, мемлекеттік органдар тарапынан кепілдік берілмеген және қаржылық заңнамамен және нақты активтермен қорғалмаған. Кез келген сәтте оның бағасы көтеріліп немесе күрт құлдырап кетеді және адамдар бұдан жапа шегуі мүмкін. Әбу Әли Хасан ат-Тауси былай деген: "Ақша шығару құқығы ғасырлар бойы билеушіден басқа ешкімге берілмеген" (Сайру әл-мулук, 233-бет)", - делінген жауапта.