Алматыда бақылаудағы компаниялар арқылы ұйымдарға салық төлеуден жалтаруға көмектесіп жүрген қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Paryz.kz, turkystan.kz - ке сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 адамнан құралған топ жалған шот-фактуралар мен бухгалтерлік құжаттар жасаумен айналысып келген. Сөйтіп, материалдық сыйақы алып отырған. Күні кеше бұл қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
«Айыпталушылар 2018-2020 жылдар аралығында коммерциялық ұйымдарға 4 коммерциялық компания арқылы салық төлеуден жалтару бойынша көмектескен. Сөйтіп, мемлекетке 3 миллиард теңгенің шығынын келтірді. Сондай-ақ айыпталушылардың тұрғылықты жерінде салмағы 849 грамм болатын тыйым салынған марихуана өсіргені анықталды. Алматы полициясы тыйым салынған есірткі заттарына қатысты істі тергейді», – делінген хабарламада.
Сот үкімімен айыпталушылар Қылмыстық Кодекстің 216-бабы, 3-бөлігі («Іс жүзінде жұмысты орындамай шот-фактура жазу бойынша іс-әрекеттер жасау») бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 3 жылдан 4,8 жылға дейін түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.