Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ұлттық банк коммуналдық қызмет құнының неліктен қымбаттағанын түсіндірді

Оның айтуынша, мұның ізін ала реттеуші мемлекеттік органдар шекті тарифтерді арттыруға мәжбүр болған.

Ұлттық банк коммуналдық қызмет құнының неліктен қымбаттағанын түсіндірді
Фото: Akmol Inform

Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявский коммуналдық қызмет құнының неліктен қымбаттағанын және олардың өсуі жылдық инфляцияға қалай әсер ететінін айтты деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, тұтыну бағасының индексін қалыптастыру кезінде реттелетін коммуналдық қызметтер (сумен жабдықтау және су тарту жүйесі, газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау) айтарлықтай елеулі рөл атқарады.

2021 жылы тұтыну себеті құрылымындағы олардың үлесі 6% болды. Тиісінше, тариф динамикасы инфляцияға тікелей әсер етеді, яғни, жанама түрде өндірілген тауарлар мен қызметтер құнының өсуі арқылы ықпал етеді.ҚР Ұлттық банкі Ақша-кредит саясаты департаменті директорының орынбасары Денис Чернявский

Ол 2018-2019 жылдары Қазақстанда сол уақытқа дейін ұзақ мерзімді тарифтік жоспарларға енгізілмеген коммуналдық қызметтердің тарифі едәуір төмендетілгенін, бұл жалпы инфляцияға деинфляциялық тұрғыда әсер еткен қызметтерге бағаның аздап өсуіне себеп болғанын атап өтті.

Алайда реттелетін қызметтер бағасының бір сәттік төмендеуі және оларды төмен деңгейде сақтау – кейінге қалдырылған инфляция қаупін тудыруға, яғни, орта мерзімді перспективада тарифтердің жиі әрі оқыстан өсуіне жол береді. Қазіргі таңда біз тариф белгілеуде теңгерімсіз саясаттың салдарын сезініп отырмыз. Тұрақты инфляция мен қолайлы экономикалық конъюнктура кезінде реттелетін қызметтердің тарифін төмендетудің арқасында табиғи монополистердің кірісі төмендеді, - дейді Денис Чернявский. 

Оның айтуынша, мұның ізін ала реттеуші мемлекеттік органдар шекті тарифтерді арттыруға мәжбүр болған.

Биыл қараша айында тарифтер жылдық есепте 3,1%-ға өсті, ең көп өскені – электр қуаты тарифі (8,6%) мен газ тарифі (5,5%), - дейді Денис Чернявский.

Департамент директоры орынбасарының айтуынша, тарифтердің бір мезетте айтарлықтай қымбаттауы оның алдында алынбай қалған кірісті есептегенде, экономикада айтарлықтай инфляциялық қысым жасап, құбылмалы инфляцияны арттырады. Солай бола тұра, коронадағдарыс, соның ішінде, жаһандық инфляция мен теңгегің әлсіреуі салдарынан жағдай одан сайын қиындай түседі.

Бұл маңызды мәселе 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясатының стратегиясы аясында қозғалған. Ұлттық Банк негізгі қаражатты жаңартып, бағалардың бір мезетте қымбаттауынан болатын жағымсыз салдарды барынша азайту үшін табиғи монополиялардың тарифіне шекті жылдық өсім орнату жөн болады деп санайды. Қызметтердің бағасы баяу әрі болжамға сәйкес өссе, ол инфляциялық болжамдарды азайтып, жалпы инфляция деңгейін кідіртуге мүмкіндік береді.