Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Теңгені ұстап тұру үшін бір күнде 64 млн доллар жұмсалған

Барлық банк 2 желтоқсан күні таңертең "қысқа" позицияда болды, яғни олар жұмыс уақытынан тыс уақытта өз клиенттеріне сатылған валютаны сатып алуға мәжбүр болды.

Теңгені ұстап тұру үшін бір күнде 64 млн доллар жұмсалған
фото: ашық дереккөз

Валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ұлттық банк 2 желтоқсанда 64,6 млн АҚШ доллары көлемінде интервенция жүргізді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті деп хабарлайды Paryz.kzҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. 

Ұлттық банк өкілінің айтуынша, 2 желтоқсанда биржадағы теңге-доллар сауда-саттығының көлемі 292 миллион долларға жетті, бұл — 2020 жылдың сәуірінен бастап қарағанда рекордтық көрсеткіш. Қазақстанның валюта нарығы сыртқы нарықтардағы жағдайдың нашарлауына байланысты шетел валютасына сұраныстың өсу кезеңін бастан өткеріп отыр.

Сауда-саттық көлемінің өсуі және бір доллар үшін 436 теңге белгісіне дейін бағамның әлсіреуі шетел валютасына сұраныстың артуы аясында орын алды, ол мынадай факторларға тікелей байланысты болды, - дейді Әлия Молдабекова.

Біріншіден, "Омикрон" штаммының таралуына қатысты алаңдаушылықтың артуына байланысты мұнай бағасының күрт құлдырауы себеп болды. Мәселен, 1 желтоқсанда Brent сұрыпты мұнайдың белгіленген бағасы бір баррель үшін 70 доллардан төмен түсіп, биылғы тамыздан бастап ең төменгі деңгей – 68,14-ке жетті.

Екіншіден, мұнай бағасының жергілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендеуі компаниялар мен жеке тұлғалар тарапынан шетел валютасына қосымша ішкі сұранысты туындатты, 1 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні болғандықтан, сұраныстың бір бөлігі екінші деңгейлі банктер онлайн платформалары арқылы іске асырылды. Сондықтан жүйелері валютаны онлайн айырбастауға мүмкіндік беретін барлық банк 2 желтоқсан күні таңертең "қысқа" позицияда болды, яғни олар жұмыс уақытынан тыс уақытта өз клиенттеріне сатылған валютаны сатып алуға мәжбүр болды.

Ал сұраныстың бір бөлігі сауда-саттық ашылғаннан кейін бірден биржа нарығына түсті. Сондықтан, кеше банктер өз клиенттеріне "қысқа" позицияны жабу және жаңадан келіп түскен өтінімдерді орындау үшін валюта сатып алды.

Үшіншіден, шетел валютасына айтарлықтай сұраныс бейрезидент инвесторлар тарапынан да туындады. Дамушы нарықтардан валютаның жаһандық әкетілуі аясында бейрезиденттер теңгеден шетел валютасына кері конверттеді. Сұраныстың артуы банкаралық нарықтағы баға белгілеуге әсер етті, мұнда сатып алу бағамы бір доллар үшін 441 теңгеге дейін жетті.

Шетел валютасына сұраныстың оның ұсынысынан айтарлықтай асып түсуі аясында валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Ұлттық Банк 2 желтоқсанда 64,6 млн АҚШ доллары көлемінде интервенция жүргізді. Бұл алыпсатарлық ахуалдың күшеюіне және айырбастау бағамының тұрақсыздандыратын ауытқуларына жол бермеуге мүмкіндік берді. Банктердің қысқа позицияларына және бейрезиденттердің шығуына байланысты қосымша сұраныс толық көлемде қанағаттандырылды, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.